Аптадағы маңызды жаңалықтар

ТКШ жаңғырту бағдарламасы бойынша 50-ден астам үй жөнделеді

 

Петропавлда бүгінде 1036 көпқабатты тұрғын үй бар. Олардың көпшілігі жөндеуді қажет етеді. Бұл мәселені шешуде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы үлкен мүмкіндік. Өткен жылы ол сынақтан өтті. Енді биылдан кең ауқымда жүзеге асырылатын болады. Былтыр бағдарлама аясында облыс орталығында 41 көппәтерлі тұрғын үй жөнделген.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
2011 жылы тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруға 395 млн. теңге қаржы бөлінді. 426 пәтер иесі тұрғын үй көмегін алды. Бұл мақсатқа 37 млн. теңге қарастырылды.

Ал биыл өткен жылғыдан екі еседен артық қаражат – 812 млн. теңге бөлініп отыр. Бұл қаржыға 50-ден астам баспананы жөндеу көзделген. Бүгінде  көпқабатты 28тұрғын үй зерттеліп, тексерілген. 10 үй бойынша жоба-сметалық құжат дайын. Бұл жұмысты мамыр айына дейін толық аяқтау жоспарланған. Төлем жасауға мұршасы жоқ тұрмысы төмен отбасыларға тұрғын үй көмегі қарастырылған.

Мереке Мұхамедьяров, Петропавл қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы:
-Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 342 пәтер иесі 20,5 млн. теңгенің тұрғын үй көмегін алып үлгерді.
Жалпы 2012 жылы бұл мақсатқа 62 млн. теңгеден астам қаржы қарастырылған. Оның 35 млн-ы республикалық бюджеттен бөлініп отыр.

Коммуналдық секторды жаңғыртуға бағытталған бұл бағдарлама тұрғындар үшін үлкен мүмкіндік. Жарты ғасырдан астам жөндеу көрмеген үйлерін қалпына келтіруге мемлекет көмектеседі. Әйтпесе  қыруар қаржыны қажет ететін жөндеу жұмыстарына тұрғындардың шамасы жетпейді. Осы ретте халық арасында түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет деді облыс әкімі. Ал өткен жылы бағдарлама қатысып, оның тиімділігіне көз жеткізген тұрғындар биыл да шет қалмаймыз деп отыр.

Светлана Линникова, “Куйбышев,180” ЖПИК төрайымы:
– Өткен жылы бағдарламаға қатыстық.
Жамбыл көшесіндегі 167 үйдің былтыр шатыры жөнделді. Енді биыл жертөледегі жылу жүйесін жөндеуді жоспарлап отырмыз. Айтар шағымымыз жоқ. Шатырымызды жақсы жөндеп берді. Барлығы көңілімізден шығады.  
 
Айту керек, бағдарламаның тағы бір маңызды мақсаты – энергия үнемдеу. Бұл мәселеге үлкен көңіл бөлген жөн. Ағымдағы жөндеу кезінде 10 пайыз, ал күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін 30 пайыз энергия үнемдеуге қол жеткізу шарт.

Серік Біләлов,СҚО әкімі:
Жыл сайын коммуналдық қызмет үшін төлемақы қымбаттайды. Сондықтан энергия ресурстарын үнемдеу керек. Бұл ретте тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасын жүзеге асырудың маңызы зор. Мұны тұрғындар түсінуі қажет.

Облыс әкімі жауапты тұлғаларға бағдарламаны жүзеге асыруға бөлінген қаржыны игеру бойынша жұмысты күшейтіп, бұқаралық ақпарат құралдарында оның мүмкіндіктерін кеңінен насихаттауды тапсырды. Бұл жұмысқа қалалық мәслихаттың депутаттары да белсенді араласуы тиіс.

Айымгүл Әбілева