Ауыл шаруашылығы

Австралия сиырларына Солтүстік Қазақстан өңірінің климаты қолайлы

 

 

 

Ірі қара мал етінің экспорты бойынша Австралия әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің бірі. Бұл елде екі тұқым – ангус және герефорд өсіріледі. Австралияның оңтүстігінде ангус тұқымы 6 млн. басқа дейін жетеді екен. Шетелдіктердің мал бағудағы озық технологияларын қазақстандық делегация арнайы барып көріп қайтты. Сегіз ғалымның ішінде жерлесіміз, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Асқар Естанов бар.

Асқар Естанов, Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі:
Австралияда мал өсірудегі технологияларды көрдік. Олардың технологиялары біздікінен ілгері кеткен әлдеқайда. Жем-азық базасы жағынан болсын, өсіріліп жатқан жағдайы да өзгеше.

Шетелдіктердің малды күтіп-бағуы ерекше дейді Асқар Естанов. Олар ірі қараны қамауда ұстамай, жыл бойы жайылымға жібереді екен. Қазақстандық делегацияны қызықтырған ангус тұқымы әлемде өте жоғары бағаланады.

Асқар Естанов, СҚ өсімдік және мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі:
Ангус тұқымының төлі жеңіл салмақпен туады. Тез өседі. 15 айлығында 500 кг дейін салмақ қосады.  

Әрі бұл тұқым қатаң климатқа бейімделгіш келеді екен. Сондықтан ғалымдар малдың біздің елге жерсініп кететініне сенімді. Осы жолғы сапарда қостанайлықтар 2 мың бас бұзау сатып алыпты. Біздің облыста да ангус тұқымын өсіріп, көбейтуге әбден болады дейді Асқар Естанов.

Асқар Естанов, Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі:
-Біздің облыста өсіруге жағдай бар. Олар біздің климатқа бейімделе алады. Технологияларды қолдана аламыз. Біздің климатқа осы тұқым қолайлы.Әкелуге болады, көз жеткізіп қайттық.

Айтқандай, бүгінде облыста ангус пен герефорд тұқымдары бар. Канададан жеткізілген мал үш шаруашылықта өсіріліп жатыр. Ал бұл ірі қараны бізге Австралия не болмаса Аргентинадан әкелген тиімдірек екен. Өйткені бұл елдерде малдың бағасы едәуір арзан.

Айымгүл Әбілева