Құқық қорғау органдары

Әлеуметтік бейімдеу орталығындағы заңсыздықтар



Петропавл қалалық белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығының санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы мәз емес. Асхананың санитарлық құжаты мүлдем жоқ. Сондай-ақ 24 қызметкердің 14 -і ғана медициналық тексерістен өткен. Бұған қарамастан санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының қызметкерлері орталыққа аяқ баспай отыр. 5 жылдан бері тексеріс жүргізілмепті.

Қонысбек Ибраев, Петропавл қаласының прокуроры:
Заңбұзушылықтар ашық түрде жүргізілген, сонда тұрып жатқан адамдардың құқығы бұзылып, мекеме өз ережесі бойынша өмір сүрген. Мемлекеттен бөлінген ақшаның 80 пайызы азық-түлік, жеміс-жидек алуға жұмсалған. Бірақ мұның барлығы қағаз жүзінде қалған.

Орталықта тіркелген мүгедектердің жәрдемақыларын «Казпочта»  филиалынан заңсыз алып, қалтаға басу сынды сорақы жайт та анықталған. Мұндай жағдай белгілі тұрағы жоқ адамдардың  сенімхат жазып бермеуіне қарамастан орын алып отыр. Қазіргі таңда олқылыққа жол бергендер анықталуда.

Қонысбек Ибраев, Петропавл қаласының прокуроры:
«Қазпочтаның» операторы мен бөлім бастығы сыбайлас жемқорлыққа жол бергендігі үшін лауазымдарынан босатылған. Осы мекеменің бас бухгалтерінің үстінен арнайы әкімшілік іс қозғалды. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметкерлердің үстінен де арнайы ұсыныс жасадық.

Сондай-ақ аталмыш мекеме қала әкімдігінің қарауында. Бұл да орталықтар құру туралы заңнамаға қайшы болып отыр.

Инеш Шоқақова