ТЖ

Өзен-көлдерде мұз қабаты жұқарды



 

Қазір Есіл өзенінің мұз қабатының ең қалың деген жері жарты метрге жетпейді. Оның өзі аса қауіпті. Мұз арасында ауа қуыстары бар. Кез-келген салмақ түсе қалса морт сынып кетуі ғажап емес. Күннің жылуымен жылдам еріген мұздың біраз бөлігі беріктігінен айрылып, тез жұқарып кеткен. Ал  кейбір әуесқой балықшыларды  аяқ астындағы қауіп мүлдем алаңдатпайтын көрінеді.

Антон Коптяев, СҚО ТЖМ суда құтқару қызметі бастығының міндетін атқарушы:
– Балықшылар негізінен таң сәріден балық аулай бастайды. Көбіне түс, кейде кешке дейін бір орында отырады. Тым беріліп кетіп ол уақытта жағалауға жететін мұз жолы еріп, не әбден жұмсарып босап кеткенін байқамай қалады. Бұндай әуестіктің арты қайғылы аяқталуы мүмкін.  

Бүгінде өңіріміздегі ірі су көздері құтқарушылардың қатаң бақылауында. Күніне екі ауымсыммен кезекшілік атқарылады. Сүңгуірлер мен арнайы техника сайланып қойылды. Десе де облысқа 28 құтқарушы аздық етеді. Сондықтан әр адамның сақтығы өз қолында екенін ұмытпаған жөн.

Антон Коптяев, СҚО ТЖМ суда құтқару қызметі бастығының міндетін атқарушы:
Әсіресе мұз үстінде сырғанау қауіпті. Бұған жасөспірімдер тым әуес келеді. Ата-аналар балаларына көз салып жүрсе игі болады. Көп болса бірақ аптаның ішінде су мұзды шайып тастайды.  

Абырой болғанда, жыл басынан өңірімізде суға батып кету фактілері тіркелмепті. Қатерлі тізімді ашпас үшін құтқарушылар мұз үстіне шықпау керектігін ескертеді.

Жеңіс Ермұқанов