Спорт

Ауыр атлеттер сайысы

 

 

 

“Маса” аталатын ең кіші салмақта Ақжар ауданының намысын Ислам Ілияс қорғады. Нағыз ерлердің спортына 6 жасында аяқ басқан. 2 жылдың ішінде Ақмола облысының ашық біріншілігінде чемпион атаныпты. Бұл жолы да білек күші сыналатын тартысқа мықтылығын таныту үшін белді бекем буып келіпті. Алғашқы талпынысы жаман емес, 18 келілік зіл темірді еш қиындықсыз бағындырды.

Ислам Ілияс, сайыскер:
Көкшетауға бардым 2 рет чемпион болдым. Мен Илья Илин сияқты чемпион болғым келеді. Алла жазса, мен олимпиада чемпионы боламын.  

ҚР рәміздерінің 20 жылдығына арналған дода 100-ге тарта  жігерлі жасты жиды. Сайыскерлер жас ерекшеліктеріне қарай іріктеліп, 13 салмақ дәрежесінде штанганы серпе көтеруден ептіліктерін танытып тартысты. Әрбірінің күшін сынау үшін үш мүмкіндік беріледі. Бәсекелестік зор. Өңір аудандарының барлығы да дәстүрлі сынға өз мықтыларын үкілеп әкеліпті.

Жанат Елеусізов, СҚО балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің оқу-әдістемелік орталығының директоры:
Жылына бір, осымен 4-ші рет өткізіліп отыр. Қазір ауданның жасөспірімдер спорт мектептерінде бөлімшелер ашылды. Бапкерлердің жұмыстарының жемістерін көрейік деп облыс біріншілігін өткізіп отырмыз. Былтыр Тайынша ауданының орталығында өткіздік. Алдағы жарыстарды да ауылдық жерлерде өткізіп, бұл спортты насихаттаймыз.

2 күндік тартыста суырылып шыққан үздік  ауыратлеттер өңір намысын сәуір айының 26-сы күні ел біріншілігінде қорғайтын болады.

 
Жеңіс Ермұқанов