Қоғам

Жылу желісіне заңсыз қосылған баспана иесі жауапқа тартылды

 

 

Орталық жылу жүйесіне заңсыз қосылып, еш рұқсатсыз желі үстінен шаруашылық нысандарын тұрғызған тұрғындар өткен жылы анықталған болатын. Былтыр құбыр жарылмаса, мүмкін заңбұзушылық анықталмас па еді. Ақауды жөндеуге гараж кедергі болыпты. Қазір заңсыз салынған үй-жайлар  бұзылып жатыр.

 Александр Захарьян, «Петропавл жылу жүйелері» ЖШС бас инженері:
– Бұл нысан жылу желісінің үстінен салынған, осының кесірінен біз жөндеу жұмыстарын жүргізе алмай отырмыз. Жылу шығынының орнын толтыру үшін гаражды айналып өтіп, қосалқы желі тартуға мәжбүр болдық.  

Алдымен  бұл ақауды үй иелері өз күштерімен жамауға әрекет еткен. Алайда істері насырға шауып, тіпті көршілері де жылусыз қалған.

Валентина Трендюк, көршісі:
– Ол құбырды жөнге келтіру үшін жұмысшыларды жалдаған. 2 апта  істеп, соңында жылуды мүлде өшіріп тастады. Көршілердің кішкентай балалары бар. Осыдан кейін жылу құбырын жөнге келтіріп еді, құбыр қайта жарылды. Бұл кезде далада қақаған қыс болатын. Осының барлығына көршіміз кінәлі.

Үйі мен ауласындағы нысандарды заңсыз жылуға қосып алған азамат пен жылу таратушы кәсіпорын арасындағы текетірес ұзаққа созылып, аяғы сотқа жетті. Жылу өтетін құбырдың үстінен тұрғызған нысанды Сысолятиндер отбасы өз күшімен бұзуға келіспеген. Сонымен қатар, сот ісін орындаушылар үй иелеріне хабарламаны да тапсыра алмаған. Олар шақырту қағаздарына қол қоюдан бас тартқан. Осы уақыт ішінде  үйдің 4 тұрғынының бірі де сотқа келмеген. №2 қалалық сот 2011 жылдың 27 мамырында барлық заңсыз салынған құрылысты бұзуға шешім қабылдаған.

Анатолий Зосько, СҚО Сот актілерін орындау департаменті №1 Петропавл аумақтық бөлімінің мемлекеттік сот орындаушысы:
– Борышкерлерге хабарлама жібердік. Бірақ заңды түрде шығарылған сот үкімі мерзімінде орындалмады. Сондықтан сот орындаушысы құрылыстарды бұзу жайында қаулы шығарды. Бүгінгі таңда бұл істер ықтиярсыз жасалып жатыр. Сот шешімі бойынша гараж, сарай және үй маңындағы құрылыстарды  бұзу жұмыстары жүргізіліп жатыр.  

Заңсыз құрылыс иелері әлі күнге өз кінәларын мойындар емес. Олар гараж бен үй есігінің алдына бөгеттер қойып жылу таратушы кәсіпорын қызметкерлерінің ісіне кедергі келтіруде.

Евгений Сысолятин:
-Сот шешімін бізге ешкім берген емес, сотқа ешбір адам шақырып келген жоқ. Қазір олардың қолдарында қол қойылған қағаздар бар. Мен ештеңе де білмеймін. Бұзамын десе бұза берсін.

  Наталья Сысолятина:
– Жылу құбырын жөндеуге кеткен 2 млн теңгені біз өтеуіміз керек дейді. Желі олардыкі, біздің қатысымыз қанша. Су жыл бойы ағып жатыр. Жоқ жылудың ақысын мен неге төлеймін.

Сысолятиндерден қосымша жайларды бұзу жұмыстарына кеткен шығын да өндіріліп алынбақшы.  

Әсел Күшенғалиева