Қоғам

СҚО ардагерлер қозғалысына – 25 жыл

 

 

 

Тыл еңбеккері Жасұлан Құдабаев  солтүстік өңірдің көркеюі мен дамуына өмірінің  67 жылын арнапты. Қарияның омырауындағы  медальдар қажырлы еңбегіне берілген лайықты баға: ол 3 орден және 13 медальмен марапатталған. «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген агрономы » зейнетке шыққаннан соң да қоғамдық жұмыстарға белсене араласуын тоқтатпапты. Ол өңіріміздегі ардагерлер ұйымының құрылуының да басы-қасында болғандардың бірі. Содан бері 25 жыл өтсе де, қария ардагерлер үшін тарихи сәтті толғаныспен есіне алады.

Жасұлан Құдабаев, тыл еңбеккері:
– Ардагерлер ұйымы құрылғанда мен зейнетке шыққан едім. Соған қарамастан қоғамдық жұмыстармен айналыстым. Өзге өңірлердегі өзіміздің үзеңгілес жолдастарымызбен тәжірибе алмасып отырдық. Соның бәрі нәтижелі болып шықты.

Жасұлан Құдабаев 5 баласына – ардақты әке, 14 немересіне – қадірлі ата, қария немере  көру бақытының бұйырғанына қуанышты. Зейнеткерлер үшін ең бастысы кейінгі буынның мейірімділік пен қамқорлық көрсетуі дейді ол.

Жасұлан Құдабаев, тыл еңбеккері:
– Ардагерлерге әрдайым қамқорлық жасау керек. Моральдық тұрғыдан көтеріп, қолпаштап отыру қажет. Содан басқа түк те керек емес.

Жас кезінен қоғамдық жұмыстарға белсене араласып үйренген ақсақал осы әдетінен тайған емес. Достарын да ұмытпайды. Сәті түскенде, құрдастарымен кездесіп отырады. Елде болып жатқан жаңалықтарды да қалт жібермейді. Кейінгі буынға ақыл-кеңесін беріп тұрады.

 
Инеш Шоқақова