Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімінің Тайынша ауданына жұмыс сапары

 

 

Өңір басшысы алдымен Тайынша қаласында салынып жатқан полиэтилен құбырлар цехының құрылыс басында болды. Кәсіпорын алғашқы желісін іске қосып қойыпты. Жыл соңына дейін толық қуатқа көшу жоспарлануда. Әзірге 110-400 мм еуропалық үлгідегі су тарататын құбырлар шығарылып жатыр. Құрастырушылардың айтуынша, басты ерекшелігі – жергілікті құбырлар аса иілгіш, кез-келген құрылысқа жарай береді екен. Оңтүстік Корей елінен жеткізілетін шикізаттан құйылатын заманауи құбыр жұмсақ болғанымен аса төзімді, ұзақ жылдар бойы жөндеуді талап етпейді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Биылдан “Ақ бұлақ” бағдарламасы жүзеге асырылады. Осы жобаға атсалысу керек. Су желілерін тартуда сапалы құбыр аса қажет. Сұраныс болады. Облыс бойынша жаңадан таза ауыз су желісі төселмек. Алдымен өзімізді қамтып алуымыз керек. Келесі жылы өзге тапсырыстарды орындайтын боласыздар.

Өндіріс куаттылығы айына 200 тонна дайын өнім шығаруға қауқарлы. 24 жаңа жұмыс орны пайда болды. Сұранысты қанағаттандыру үшін биылдан тағы бір желі іске қосылмақ.

Петр Палашенко,  “Көкшетехстрой” ЖШС директоры:
– “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы мемлекеттен 120 млн теңгенің қолдауы жасалатын болады. Ол қаржыны екінші желіні іске қосуға жұмсамақпыз. Осылайша 800 мм-ге дейінгі плиэтилен құбырларын шығара аламыз. Өнімнің нарықта сұранысқа ие болатынына сенімдіміз. Тапсырысты толық жабу үшін үшінші желіні де қосу жоспарда бар.

Облыс әкімі “Сельмурзаев” ЖК-ң мал шаруашылығында да болды. Бүгінде мұнда 115 қазақтың ақ бас сиырлары бағылуда. Шаруашылық жетекшісі жоғары өнімді зеңгі баба төлдерінің санын екі есеге арттыруды көздеп отыр.

Шадит Сельмурзаев, “Сельмурзаев” ЖК жетекшісі:
– 98 жылы диірмен ашқанбыз. Өңделген бидайдан артылғаны мал азығына жарайды. Алдымен 7 бас ірі қарадан бастаған едік. Қазақтың ақ бас сиырларын 200-ге жеткізсем бе деймін. Оған жем-шөп қорымыз жеткілікті. Аудандық әкімдік “Сыбаға” бағдарламасы арқылы көмек жасаймыз дейді. Бұрын несие алып көрмеген едім. Бәрін таразылау керек. Меніңше ұсыныстары өте тиімді.

Өңір жетекшісі “Әліби Астық” ЖШС көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстарымен танысты. Серіктестіктің игілігіндегі алқапқа дән себуге шығатын техниканың 70 пайызы сайланып қойылыпты.

Нұржан Қошқарбаев, “Әліби Астық” ЖШС директоры:
-Сәуірдің 17-18 күндері ылғал жабу жұмыстарына кірісеміз. Бізде жоғары өнімді 31 дән сепкіш «Джондир» кешендері бар. Жерге астық басуды 18 күннің ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Тұқымның барлығы 1-ші сұрыпты. 70 мың Га алқапқа негізінен бидай мен арпа себетін боламыз.

Сондай-ақ Серік Біләлов Мироновка ауылында серіктестіктің күшімен салынған медициналық пункке соқты. Осылайша ескірген дәрігерлік қарау мекемесінің орнын былтыр күзде жаңасы басыпты. Фельдшерлік амбулатория елді мекендегі 500-ден артық тұрғынның денсаулығын қадағалауда үлкен көмек болды.

 Анатолий Рафальский, Тайынша аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:
-Ауылдықтарға алғашқы медициналық жәрдем көрсетуде амбулатория барлық керек-жарақпен қамтылған. Бір медбике мен санитар маман жұмыс істейді. Аурудың алдын алуда таптырмас көмекші. Әсіресе туберкулез, онкологиялық дерттерді ерте анықтауға ден қойылады. Соңғы 20 жылда ана мен бала шетінеуі тіркелген жоқ. Көкжөтелге шалдыққандар да жоқтың қасы.

Өңір басшысы жұмыс сапарының барысында Тайынша қаласында салынып жатқан  үш бөлмелі 46 үйдің құрылыс басында болды. Әрбірі 70 шаршы метрлік баспана “Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасы аясында аудан орталығында тұрақты еңбекке алынатын келешегі жоқ ауылдардың тұрғындарына арналып тұрғызылуда. Қоныстанушыларға алдағы маусым айында үйлердің кілттерін табыстау керек. Алайда құрылысшылар жоспарға ілесе алмай келеді. Бар гәп құрылыстың сметалық құжатқа сәйкес келмеуінде. Серік Біләлов құрылысқа жауапты жергілікті басшылар мен мердігерлерге қолда бар құжаттарын түгендеп, уақыт күттірмейтін мәселені облыс орталығында мамандармен кеңесіп шешу керектігін тапсырды.

Жеңіс Ермұқанов