Энергетика

Жылу берушілердің тұрғындар алдындағы есебі

 

 

“Петропавл жылу желілері” ЖШС директоры Андрей Калиничев тұрғындарды кәсіпорынның өткен жылы атқарған жұмыстарымен таныстырды. Жылу энергиясын жеткізу мен таратуды жүзеге асыратын мекеме 67 мыңнан астам тұрмыстық сектор абоненттері мен 2096 өндірістік, коммерциялық және өзге де тұтынушыларға қызмет көрсетеді. Кәсіпорын қарамағындағы жылу желілерінің ұзындығы 235 шақырымнан астам.

Андрей Калиничев, «Петропавл жылу желілері» ЖШС директоры:
2011 жылы кәсіпорын магистральды және тарату желілеріне жөндеу жүргізді. Жалпы ұзындығы 11 шақырымнан астам желі қалпына келтірілді. Сорғыш құрылғылардың жағдайы басты назарда болды. Өткен жылы орталықтандырылған жылу жүйесіне 3 көпқабатты, 8 жеке үй, барлығы 29 нысан қосылды.

Кәсіпорында тұрғындардың арыздарын қабылдауға арналған «Тұтынушылардың шағымдары» бағдарламасы жұмыс істейді. Оған өткен жылы сапасыз қызмет көрсетуге байланысты 31 өтініш түсіпті. Бұл 2010 жылмен салыстырғанда 2 есеге аз болса керек. Дегенмен тұтынушыларды алаңдатып отырған мәселелер әлі де азаяр емес.

  Анатолий Мишин, қала әкімінің кеңесшісі:
Қала әкімінің тұрғындармен есептік кездесуінде  пәтер иелері кооперативінен жылу желілерінің жұмысына байланысты біршама шағым жасалды. Бүгінгі жиында кәсіпорынның жетекшілеріне сол сауалдарды тікелей жолдау мүмкіндігі бар. Қысқы жылыту маусымына дайындық сынды өзекті мәселелер талқылануда.

«Авиатор» пәтер иелері кооперативі басқармасының мүшесі Салтанат Жүнісова да өздерін алаңдатқан сауалға жауап алу үшін келіп отыр. Ол баспаналарына 3 жыл бойы жылудың қажет деңгейде жеткізілмейтіндігіне наразы.

Салтанат Жүнісова, «Авиатор» пәтер иелері кооперативі басқармасының мүшесі:
Мен «Казахстанская правда», 70 және Ульянов, 44 мекен-жайының тұрғындары атынан келіп отырмын. Біздің үйімізге осымен 3 жыл бойы жылу нашар беріледі. Бірнеше рет шағымдандық. Бүгін бір нәтиже болады деген ойдамын.

 Шағымданушыға баспананың бірінші кезекте тексеріске алынатындығы жайлы уәде етілді.  

Инеш Шоқақова