Бизнес және экономика

«Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасының шарапаты тигендер аз емес


Оксана Пешкинаның мамандығы – аспаз. Тәжірибесі мол – 14 жыл. Қазір ол облыс орталығындағы дәмханалардың бірінде жұмыс істейді. Оксана бұл жерге “Жұмыспен қамту” бағдарламасының арқасында орналасыпты. Қысқартуға ұшырап, төрт ай бойы жұмыссыз отырған қала тұрғыны бұл бағдарламаның екі қолға бір күрек таба алмай жүрген адамдар үшін үлкен мүмкіндік екенін айтады.

 

Оксана Пешкина, аспаз
Наурыз айында жұмыспен қамту орталығына бардым. Содан маған осы жұмысты ұсынды. Барлығы көңілімнен шығады. Еңбекақым жақсы. Уақытында аламын. Осындай бағдарламаның болғаны қуантады. Жұмыссыз жүрген адамдар үшін үлкен көмек.

Жалпы үстіміздегі жылы 212 қала тұрғынын әлеуметтік жұмысқа орналастыру көзделген. Осы күні 102 адам еңбекпен қамтылыпты. Облыс орталығындағы 23 ұйым, кәсіпорындармен келісім жасалған.

Қанат Әубәкіров, Петропавл қаласының жұмыспен қамту орталығының инспекторы:
Қаржы бөлінді республикалық бюджеттен – 42 млн. 812 мың теңге. Әлеуметтік жұмыс орындарында 12 ай жұмыс істейді. Әрі қарай жақсы жұмыс істесе, көңілдерінен шықса, әрі қарай жұмыс істеуге қалады.  

Мұнымен қатар мемлекеттік бағдарлама аясында жаңа мамандық меңгеріп, біліктілігіңді арттыруға да болады. Бұл мүмкіндікті Денис Катков пайдаланыпты. Ол үш ай Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде оқыған. Қазір облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының орталығында электрик-жарықтандырушы болып еңбек етеді.

 Денис Катков:
Бағдарлама жөнінде естіп, оқып мамандық алып шығуды ұйғардым. Кәсіптік-педагогикалық колледжде оқып, сосын осында бір ай өндірістік тәжірибеден өттім. Кейін тұрақты жұмысқа алды. Жұмысым өзіме ұнайды.

Бүгінде 135 қала тұрғыны қайта даярлыққа жіберілген. Жалпы биылғы жоспар – 153 адам. Мұнымен қатар кәсіптік білім алып, біліктілікті арттыру үшін де жағдай жасалмақ.

Дана Әбілмәжінова, Петропавл қаласының жұмыспен қамту орталығының инспекторы:
Біліктілікті арттыру бойынша 15 адам жоспарланған. Сәуір айында жіберіледі. Аспазшы, дәнекерлеуші және электрик мамандықтары. Ал қыркүйек айына дейін 16 адамды оқытуға жібереміз. Техник-программист және техник-механик мамандықтары бойынша.

Үстіміздегі жылы облыс орталығындағы кәсіптік білім беретін 8 оқу орнымен келісім жасалыпты.

Айымгүл Әбілева