Спорт

Каратешілер 15 жүлдемен оралды

Астанада өткен халықаралық тартысқа еліміздің 12 қаласынан 400-ден астам спортшы қатысқан. Дүбірлі додада облысымыздың намысын 15 шығыс жекпе-жегінің шебері қорғады.

Асхат Сақыпкереев, СҚО карате федерациясының президенті:
Осы сайыста біздің 7 бала алтын медаль алды, 4 бала күміс, 1 бала қола медаль алды. Балалар өте жақсы өнер көрсетіп, біздің облысымыздың атын өте жақсы қорғады.

Ольга Кожемякинаның тынымсыз жаттығуы зая кетпей, еліміздің бірнеше дүркін чемпионы атанды. Спорт шебері ел деңгейіндегі тартыстарда жеткен жеңістерін еселеп, үздік деген шығыс жекпе-жекшілерін жиған халықаралық байрақты додадан да алтыннан алқа асынып қайтты. 12-13 жас аралығындағы топта Ресей, Қырғызстан мен Өзбекстан елдерінің мықтылары тотами үстінде жұлдыздай жарқыраған жерлесімізге тосқауыл бола алмады.

Ольга Кожемякина, жарыс жүлдегері:
Кумитэ бөлімінде 4 сынға түстім. Қарсыласым Қырғызстан жерінен болды. Жаттықшырушымның айтқан барлық кеңесін тыңдам, жеңіске жеттім, сонымен қатар 4 рет катаға шығып, онда да алтын медальға қол жеткіздім.

Шығыс жекпе-жегімен айналысамын дегендердің қатары жыл санап өсіп келеді. Бүгінгі таңда бұл мектепте 100-ге тарта бала тәрбиеленуде. Өңір намысын абыройлы қорғаған ең кішкентай қатысушылардың бірі – Зейнеп Жүсіпәли. Ол кумитэде алдына жан салмай алтынды еншілеген. Алдағы уақытта да каратемен айналысып, биік шыңдарды бағындырамын дейді ол.

Зейнеп Жүсіпәли, жарыс жүлдегері:
Мен каратемен 1 жыл айналысамын. Ката төбелесін үйрендім. Маған каратемен айналысқан ұнайды.

Кезекті жарыстан жеңіспен оралған спортшылар сәуір айының 7 – 8 аралығында Ресей Федерациясында ең мықты каратешілердің қатысуымен өтетін сайысқа аттанып кетті.

Әсел Күшеналиева