ТКШ

Аяқталмаған құрылыс үшін мемлекет қаржысы төленген

 



Заречный кентінде жылудың жыры басталғанына көп жыл. 2001 жылы осы жердегі колония әкімшілігі көпқабатты үйлерді орталық жылудан ағытқан. Өйткені мекеменің халыққа мұндай қызмет көрсетуге құқығы жоқ екен. Сол уақыттан бері бұл ауданға жылу трассасын тарту мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Қалалық билік бұл мәселені бюджет есебінен шешеміз деген уәде берген. Осылайша , өткен жылы, әйтеуір, Заречный кентіндегі 21 үйге көптен күткен жылу трассасы төселді. Бірақ бұл жолы да барлығы ойдағыдай болып шықпады.

Ақан Сыздықов, Заречный кентінің тұрғыны:
– Жылу трассасын өткізіп, сосын шұңқырды жапты, сол жер енді саз болып езіліп жатыр.Оны жазда бастау керек еді немесе кепкесін істеуге. Ашық тұрғанда дұрыс еді, қазір жапты экскаватормен, трактормен бәрін қопарып, енді жүру мүмкін емес.

Ал жылу трассасын төсеген мердігер кәсіпорын жағдайды түзеуге асығар емес. 1 Заречный көшесі айнала қазып тасталған. Аяқ алып жүру мүмкін емес. Тұрғындар қазір батпақтың ортасында отыр. Бір қызығы, мердігер жұмысты әлі толық көлемде аяқтамағанына қарамастан ақшасын қалтасына басып үлгеріпті. Қалалық құрылыс бөлімі “Вант” ЖШС-не қаржыны өткен жылы-ақ толық төлеп қойған. Бұл – 45 млн. теңге. Аталмыш заңбұзушылық қалалық прокуратура жүргізген тексеріс кезінде анықталған.

Егор Поляков, Петропавл қаласы прокурорының көмекшісі:
Тексеріс нәтижесі көрсеткендей, төлем жасалған жұмыс көлемі шын мәнінде нысанда атқарылған жұмысқа сәйкес келмейді. Мұны сот-құрылыс сараптамасы айғақтайды. Осылайша қалалық құрылыс бөлімінің бастығы Мұрат Мұқашев жылу трассасындағы жұмыстың толық атқарылмағанын біле тұра, тиісті актілерге қол қойған. Осыдан кейін, мемлекеттік мекеме құрылысты жүргізген мердігерге заңсыз түрде істелмеген жұмыс үшін төлем жасаған.  

Осылайша мемлекетке келтірілген шығын – 8,5 млн. теңгеден асып жығылады. Енді мұндай заңбұзушылыққа жол берген қалалық құрылыс бөлімінің бастығы жауапқа тартылмақ. Бұл факті бойынша наурыздың он бесі қалалық прокуратура Мұрат Мұқашевтің үстінен қылмыстық іс қозғады. Бүгінде материалдар алдын ала тергеу үшін экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне жіберіліпті. Бұған қоса прокурорлар қала әкіміне заңбұзушылықты жою жөнінде ұсынымхат жолдаған.

Айымгүл Әбілева