Қылмыс

Жолдағы апат

 

 

Қайғылы оқиға Тайынша ауданының Драгомировка ауылына жақын жерде кешкі бес шамасында болған.  «Фольксваген Гольф»  машинасы «Синатрук» маркалы жүк көлігімен соқтығысқан. Астанадан Петропавлға бағыт алған жүк көлігінің рөліндегі 43 жастағы азамат қарсы бағыттағы жеңіл машинаны көрген. Жол апатының алдын алу мақсатында жасаған әрекетінен нәтиже болмағанын айтады.

  Жүк көлігінің жүргізушісі:

-Маған қарай бет алған көліктің жүргізушісі шұңқырларды айналып өтпек болды. Бірақ, машинаның доңғалағы тайып, жолдың шетіне ығысты. Кейін маған қарай жүрді. Мен тежегішті басып, солға қарай рөлді бұрған едім. Бірақ пайдасы болмады. Ол менің көлігіме келіп соғылды.

«Фольксваген Гольф» жүк көлігінің астына жартылай еніп кеткен. Жеңіл көлікте астаналық 70 жастағы жүргізуші және Әзербайжан елінің 4 азаматы болған. Апат айтып келмейді. Соқтығыстың салдарынан жеңіл автокөлікте болған 5 азамат оқиға орнында жан тапсырған. Жүк көлігінің жүргізушісі жеңіл жарақат алыпты. Қазір бұл оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Әбілсейіт Жолаушин, СҚО ІІД ЖПБ инспекторы:
– Жол- көлік апаты көбіне жүргізушінің жылдамдықты асыра пайдалану және қарсы бағытқа шығуы салдарынан болады. Сондай-ақ, алдында келе жатқан көлікті озып өту мен жүргізушінің шаршауы осындай қайғылы оқиғаларға әкеп соқтыруда.

Жыл басынан облысымызда 77 жол-көлік апаты тіркеліп, 13 адам көз жұмған, ал 93-і түрлі дәрежеде жарақат алған.

Гүлбану Ахметова