Аптадағы маңызды жаңалықтар

Су желілерін жаңартуға шетелдіктер қаржы құймақшы

 

Облыс орталығының тұрғындарын таза ауыз сумен қамту үшін 300 шақырымнан артық құбыр тартылған. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары төселген тарату магистралінің  бүгінде – 70, кей жерлерде 90 пайызға дейін тозығы жетіпті. Әбден ескірген кәріздік желілерді де жаңарту қажет.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-10 күн бойы жұмыс тобы облыс орталығындағы магистральдардың жағдайына терең талдау жүргізді. Оған қала әкімі Болат Жұмабеков төрағалық етті. Құбырларды кешенді түрде жаңартпаса болмайды. Жыл сайын кемінде құбырлардың 10-15 пайызы жаңартып отыру керек. Ауқымды жұмысқа инвестиция тарту керек.  

Жағдайды оңалтуда алғашқы қадам жасалды. “Инфра Проект Девелопмент Русланд” және “Голдхен Инвестмент Лимитед” компаниялары мен облыстық әкімдік арасында өзара тиімді әріптестік орнату үшін меморандумға қол қойылды. Үш жақты келісімге сәйкес тұтынушыларға су жеткізетін құбырлар заманауи еуропалық үлгілеріне ауыстырылатын болады.

Давид Варагян,  “Goldhein investments limited” компаниясының президенті:
– Инвестиция құюға әзірміз. Ең бастысы жергілікті атқарушы биліктің қолдауы бар. Енді жобаны бастап инфроқұрылымды жаңартуға кірісіп кетеміз. Көп кешікпей тұрғындарға сапалы ауыз су жеткіземіз.

Ашот Сафарян, “INFRA Project Development rusland” ЖШҚ директоры:
– Неміс-австрия фирмасы бірлескен жобаны жүзеге асыруға дайын. Германиядан мамандар келіп, су желілерін толықтай зерттейтін болады. Кейін 5 айдың ішінде инвестициялық бағдарламаның қажетті құжаттары дайын болады. Келесі жылы ауқымды істі бастап кетеміз деп жоспарлап отырмыз. Әзірге бар шаруа уақытымен тындырылуда.   

Қала тұрғындарынан түсетін өтініштердің тең жартысы су мәселесіне қатысты екен. Бүгінде “Петропавл су” АҚ өз күшімен жөндеу жұмыстарын атқарып жатыр. Алайда ол аздық етіп отыр. Әбден тозған құбырлар күніне орта есеппен 5 жерден тесіледі екен. Ақаулар жамауға келмейді.

Арман Сауытов, “Петропавл су” АҚ вице-президенті:
– Алғашқы қадам жасалды. Бүгінгі жағдайды жақсартуда инвестиция үлкен көмек болмақ. Жоба арқылы су, кәріздік желілер жаңартылады. Өйтпегенде өз күшіміз жетпейтін сыңайлы. Меморандум өз жемісін береді деген сенімдемін.

Алда кешенді шаралар күтіп тұр. Ауқымды жоба 15-20 жылға жоспарланған.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Петропавл су желілерін жаңартуда бірлескен ауқымды шаралар қолға алынатынына сенімдімін. Осының арқасында облыс орталығының тұрғындары сапалы таза ауыз суға қол жеткізеді.  

Жеңіс Ермұқанов