Билік

Құқықбұзушылықтың алдын алу



 

Заңбұзушылықтардың алдын алуда бұқаралық спорттың маңызы зор. Бірінші кезекте Үкімет отырысында осы мәселе қаралды. Президенттің 2020 жылға дейін ел халқының 30 пайызын бұқаралық спортқа тарту туралы айқындаған міндеті бойынша соңғы 3 жылда біршама өзгерістер болып, бұл көрсеткіш 4 пайызға артып, 20 процентке жеткен. Дегенмен аранайы мамандардың тапшылығы, қажетті құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі сынды мәселелер де баршылық. Дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу жайлы да сөз болды. Келер жылдан бастап мұндай 20 нысанның құрылысы жоспарлануда. Бұл оқушылардың бос уақытын пайдалы өткізуіне септеспек. Осы орайда Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов біздің өңірімізде аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімдері жанынан ашылған балалар спорт клубтарын өзге аймақтарға үлгі етіп отыр. ІІО жедел басқару орталықтарын техникалық жарақтау мәселесі де сөз болды. Биыл елімізде 375 бейнебақылау камералары орнатылған. Оның арқасында түрлі заңбұзушылықтарды анықтап, алдын алу мүмкін болып отыр. Дегенмен ертеректе құрылған құралдар жаңартуды қажет етеді. Сондықтан Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов интеллектуалды бейнекамералар орнату да жоспарда бар екендігін жеткізді. Полицияның учаскелік бөлімшелерін кеңейту, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де сөз болды. Селекторлық байланыс үзілген соң, Серік Біләлов аталмыш мәселелерді қадағалауға алуды тапсырды. Бұқаралық спортпен айналысу бойынша біздің облыс 4-ші орында. Бұл азаматтардың 23 пайызы.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Мектептердегі спорт залдар, футбол, волейбол, баскетбол және өзге де алаңдардың жұмыс істеу кестесін құру қажет. Әсіресе, елді мекендерге көңіл бөлу керек. Спорттық іс-шаралардың ұйымдастырылуы жоғары деңгейде болуы тиіс. Екінші сұрақ бойынша, әсіресе адамдардың көп шоғырланған жерлері мен мектептерде бейнекамералар орнату қолға алынсын.  

Өңірімізде тағы 11 бейнекамера орнату жоспарланып отыр.

Инеш Шоқақова