ТКШ

Қаланың кейбір аудандарында батпақтан аяқ алып жүргісіз

 

 

 

Көктем келісімен қар еріп, жолаушыларды былай қойғанда, көлікпен жүрудің өзі қиынға соғатыны белгілі. Алтынсарин көшесі, 216 мекен жайының тұрғындары мұндай мәселемен 11 жыл бойы арпалысып келеді. Нәтиже шамалы. Мәселен, бір  автомобиль өткен түні жол бойындағы сазға батып қалған. Көп уақыт өтпей жүк машинасы да дәл осындай жағдайға тап болыпты. Тұрғындар көліктерді ми батпақтан кранның көмегімен шығарған. Бұл жерден жаяу жүргіншілер мүлде өте алмайды дейді Леонид Кушнир.

 Леонид Кушнир, Алтынсарин көшесіндегі 216-шы үй тұрғыны:
– 11-ші жыл қатарынан жылу жүйесі кәсіпорнының қызметкерлері осы жердегі құбырларды бір  ашып, бір  жабады. Олар мұны магистральды жылу жүйелерінің бұзылғандығымен түсіндіреді. Әрине бұл басты себеп емес. Өздеріне жүктелген міндетті олар шала атқарады. Құбырларды жабу кезінде шұңқырлар қалады. Бұл мәселемен біз қала, облыс әкіміне, прокуратуға хат жаздық. Дегенмен ешқандай шара қолданылған жоқ.  

Ал Валентина Микитинаның баспанасы осы үйге қарама-қарсы орналасқан. Ол бір аптадан бері үйіне қарай аққан қар суын электрсорғыштың көмегімен сыртқа шығаруға мәжбүр.

 Валентина Микитина, Алтынсарин көшесі, 241-ші үй тұрғыны:
– Менің үйім дәл ойда орналасқан. Жыл сайын қар еріген кезде суға белшемізден батамыз. Ешкімнен көмек болмағаннан кейін қазір жиналған суды өз күшімізбен үйдің сыртына шығарудамыз.

Жолды су басқандықтан Рижская,56 мекен-жайының тұрғындарына да үйден аттап шығу мүмкін болмай қалған. Көшенің ойылып кетуіне үй салып, ауыр жүк машиналарымен құрылыс материалдарын толассыз тасыған көршілері Виталий Шенкнех себепкер болып отыр дейді бұл маңның тұрғындары. Виталий Шенкнехт  бұған келіспей отыр. Ол мәселені ешбір шусыз шешудің жолдарын ұсынуда.

Виталий Шенкнехт, Рига көшесі, 54-шы үй  тұрғыны:
– Мәселені тұрғындармен бірлесе отырып шешу керек. Өйткені әрбір пәтер иесінің су ағызатын жүйесі болуы қажет. Бұл тек қана маған қатысты емес, сондықтан оны барлық тұрғындар бірлесе шешкені дұрыс.

Бұл көшеде құдық та жоқ екен. Күнделікті ішетін суды алыстан тасылады.

Светлана Лобанова, Рига көшесі, 54-ші үй тұрғыны:
– Құдықтардың да жағдайы мәз емес. Су алу үшін арнайы аяқ киім киіп әуреленеміз. Мұны депутаттарға да айтқан болатынбыз. Әзірге көмек беруге ешкім асығар емес.

Екінші Заречный кентіндегі бір шалшықты тұрғындар «Үміт көлшігі» деп атап кетіпті. Балалар ойнайтын алаңның жыл сайын суға толатыны үйреншікті жағдай дейді тұрғындардың бірі Жанна Мухачева. Күрмеуі шешілмеген жағдайға ол жеке пәтер иелерінің кооперативін кінәлап отыр.

Жанна Мухачева, Заречный кентінің тұрғыны:
– Мұндай жағдай бізде жыл сайын қайталанады. Аталған мәселені шешу үшін жеке пәтер иелерінің кооперативі тарапынан ешқандай жұмыс атқарылмайды.

Біреулерді жол мәселесі мен су тасқыны толғандырса, Бензострой кенітінің тұрғындары Батыр Баян көшесінің бойын қоқыс алаңына айналдырыпты. Оларды қоршаған ортаны ластап жатқандығы туралы ой мазаламайтын да сияқты. Мұнда тіпті қоқыс салатын арнайы контейнерлер де орнатылмапты. Аталған мәселені анықтау үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне хабарласқан едік, алайда ешкім жауап бермеді.

Әспет Әбдірешова