Өнеркәсіп

Индустрияландыру картасында жеті жаңа жоба



 Солтүстік Қазақстан облысында индустрияландыру бағдарламасы бойынша екі жылда  жалпы құны 18 млрд теңгенің 20 жобасы жүзеге асырылды. Жаңа өндіріс орындары экономиканың әртүрлі саласында, облыс орталығында және аудандарда ашылды.  Алайда аграрлы облыста ауыл шаруашылығы саласына басымдық берілуде. 2012 жылы 5 млрд теңгенің 7 жобасын жүзеге асыру көзделген.

Александр Иванищев, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары:

– Петропавлда жаңадан  екі сүт өңдеу заводы іске қосылады,  “Петропавл құрылыс материалдары заводы” ЖШС полиэтиленнен жасалған су құбырларын шығара бастайды, “Мұнаймаш” АҚ механикалық өңдеу өндірісін жаңғыртуды аяқтайды, Есіл ауданында қиыршық тас өндіру жөніндегі жоба жүзеге асырылмақшы.

Одан басқа облыста асыл тұқымды бройлер тауықтардың репродукторы, “Петерфельд-Агро” ЖШС жаңа ферма, Айыртау ауданында металл қалайы өндіретін  кен байыту комбинаты тапсырылады. 2010-11 жылдары жаңа жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде өңірде 700 адам жұмысқа орналасты. Жаңадан жеті жоба жүзеге асырылса, тағы 200 солтүстікқазақстандық тұрақты жұмыс орнымен қамтылады. Қазір бұған қосымша 14 млрд теңгенің 12 жобасы Астанада қаралып жатыр.  Ал бүгінгі күні басты міндеттің бірі – жаңа инновациялық өндірістерді толық қуатында жұмыс істету .