Қоғам

Болашақ сарбаз шымыр болуы керек

 

 

  

Жандос Амантайұлы әр ер жігіт үшін бірінші кезекте Отан алдындағы борышты өтеп келген жөн деп санайды. Осы мақсатта бозбала өз еркімен әскери комиссариатқа келіп отыр. Міндетін абыройлы орындауды көздеген жігерлі жасқа ынта мен құр талпыныс аздық етеді. Жандос әскер қатарына алынбас бұрын міндетті түрде бастан аяқ тексерістен өтуі тиіс. 10 дәрігер болашақ сарбаздың денсаулығының жарамдығын байқайды.

 Жандос Амантайұлы, әскерге шақырылушы:
– Әскери борышты атқару әр ер азаматының міндеті. Міндетімді атқаруға келдім. Қалалық комиссиядан. Бәрі денсаулығым жақсы деді. Алла жазса, облыстық тексерістен өтемін. Отан алдында қызмет етуге дайынмын.  

Тепсе темір үзетін, шымыр денелі, денсаулығы болаттай берік  ел қорғаушыларды  іріктеу бұнымен шектелмейді. Арнайы сынақ сұрақтары арқылы отан қорғаушылардың ой-өрісінің деңгейі анықталады.

 Дулат Ғабдуллин, Петропавл қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарманың бастығы:
-Алдымен жоғары білімі бар балаларды таңдап аламыз. Кейін арнайы орта білімі барларды. Мамандықтары болу керек. Отбасы жағдайы, сотталмаған болу керек. Әскер қатарына барамын деген ынталары болу керек.  

Мамандық игеріп үлгермеген шақырылушыларға да қам жемеуге болады. Жалпы білімі барлар 6 айдың ішінде әскери-техникалық мектепте  даярлықтан  өту мүмкіндігіне ие.

Дулат Ғабдуллин, Петропавл қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарманың бастығы:
-Мамандық аламыз деген балалардың қатарынан “В”,”С” категориялы жүргізуші, жанар-жағар май құюшы, дизельді машиналарда жұмыс істейтін балаларды дайындаймыз. Жылына 25-30 баланы даярлап, әскер қатарына дайын мамандар жібереміз.  

Жалпы көктемгі әскерге шақыру науқанында 300-ге жуық петропавлдық еліміздің қарулы күштерінің қатарын толықтыратын болады. Негізінен олар әуе қорғанысы, шекара күзеті, “Жас ұлан” гвардиясы, ТЖМ, ІӘ  қабылданбақ. 1 жыл бойы бейбіт аспанымыздың тыныштығын қорғайтындардың алғашқы легі сәуірдің 20-сы күні борыштарын өтеуге аттанады.

Жеңіс Ермұқанов