Қоғам

Офицерлердің республикалық жиыны

 

 

 

Алдымен әскерилер күнделікті дағдыларына сай қаз-қатар тізіліп сап түзеді. Әдеттегідей құжаттары түгенделіп,   әскери ережелер тағы бір пысықталды. Ал кейін Республикалық оқу-әдістемелік жиынында бас қосқандар бүгінге жүктелген жауынгерлік тапсырмаларын орындауға саппен жүріп аттанып кетті.

Игорь Вонькин, ҚР ІІМ ІӘ бас айдауылдау штабы бөлімінің бастығы:
– Барлық ауданаралық соттар мен түзету мекемелерінен жазасын өтеушілерді айдауылдау осы офицерлерге жүктеледі. Темір немесе тас жол, әуе нысандарының қайсысымен болмасын қылмыскерді тасымалдау оңай шаруа емес. Тар қапасқа ешкім өз еркімен қамалмайды. Сондықтан оқыстан кездейсоқ жағдайлар орын алып тұрады. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін бас қосып отырмыз.

Теориялық бөлімде офицерлер жауапты қызметтерінің ортақ мәселелерін бірлесіп шешуде өз ойларымен бөлісті. Бекзат Ескелдиев 13 жыл бойы аса ауыр қылмыскерлерді темір тордың ар жағына жеткізіп жүр. Осы уақытқа дейін талай мәрте әрекеттенгенімен бір де бір жазасын өтеуші оның күзетінен құтылып шыға алмапты. Мінсіз қызметінің арқасында қатардағы қарауыл жауынгерінен Алматы қаласындағы 7552 әскери бөлімінің ботальон штабының бастығына дейін көтерілген.

Бекзат Ескелдиев, 7552 әскери бөлімінің ботальон штабының бастығы, Алматы қаласы:
– Әрине, кемшіліктер бар. Заңмен ескерілмеген тұстар да баршылық. Соның тиімді жолдарын қарастыру керек. Жиын осы мәселелерді шешіп, тәжірибе алмасуға арналған. Қойылған міндеттерді бірігіп атқаратын боламыз.

СҚ өңірінде өтіп жатқан жиын ҚР қарулы күштеріндегі барлық әскери құрылымдардың 40-тан астам айдауылдау офицерінің басын қосты. Біліктілікті арттыруға бағытталған шеберлік сабақтарының соңғы күнінде қатысушылар өз білімерін тәжірибелік сында пысықтайтын болады.

Жеңіс Ермұқанов