Спорт

Кикбоксшылардың кезекті жеңісі

 

 

Кикбоксинг спортының белден жоғары соққы жасауға негізделген фул-контакт сынында Азамат Нұрпейісов алтын жүлде иегері атанды. Бұл спортшының 81 келі салмақ дәрежесінде алғаш рет күшін сынап көруі.

 Азамат Нұрпейісов, ҚР чемпионатының жеңімпазы:
– Бірнеше кездесу өткіздім. Нәтижесіне көңілім толады.  

Ал 67 келі салмақ дәрежесінде Самат Қадырбеков бір де бір қарсыласына дес бермеді. Жерлес спортшы халықаралық және республикалық сайыстарға қатысушылардың кәсіби деңгейі әрдайым жоғарылауда дейді.

 Самат Қадырбеков, кикбоксинг спортынан әлем чемпионы:
– Мен осымен ел чемпионатына 8-ші рет қатысып отырмын. Жылдан-жылға жас спортшылардың саны артып келеді.
Және кәсіби даярлықтары да бәсекелестік тудырады. Бұл әрине қуантарлық жағдай.

Ал 63 жарым келі салмақ дәрежесінде 3 рет қолғап түйістірген Рауан Смағұлов бұл жолы қола алқаны еншілеп қайтқан.

 Рауан Смағұлов, ҚР чемпионатының қола жүлдегері:
– Мен 1-ші кездесуді атыраулық спортшымен өткіздім. Оны 3: 0 есебімен жеңіп шықтым. Дегенмен Павлодар қаласының спортшысынан ұпаймен жеңіліп қалдым.

Тағы бір жерлесіміз Әлкен Төлегенов 2-ші орынды жеңіп алды. Бұл жолы ел чемпионаты компьютердің көмегімен төрелік жасаумен ерекшеленсе керек.

Сабыржан Сақтағанов, халықаралық санаттағы төреші:
Әлем чемпионатында компьютерлік төрелік жүйесі қолданылады. ҚР чемпионатына мұндай жүйенің енгізілуі кикбокс спортының дамып келе жатқандығының белгісі. Яғни қай спортшының жеңіске жеткендігін компьютердің пернесін басу арқылы көруге болады.

Енді спортшылар мамыр айында Семей қаласында өтетін республикалық оқу-жаттығу жиынына дайындалуға бар күштерін салмақ. Үздіктері ел намысын Венгрияда өтетін әлем Кубогында қорғау мүмкіндігіне ие болады.

Инеш Шоқақова