Энергетика

Энергетиктер тарифті көтермекші

 

 

Жиында алдымен «Севказэнерго» АҚ-ң өткен жылы атқарған жұмысының қорытындысы тыңдалды. Мекеме 2011 жылға тиесілі жұмыстың барлығын дерліктей атқарған. Үстіміздегі жылы да бірқатар шаруа тындыруды көздеп отыр. Жөндеу жұмыстарына, жабдықтарды жаңартуға және қайта қалпына келтіруге кәсіпорын шамамен 6 млрд теңге көлемінде қаржы бөлмек. Биыл 7-ші қазандықты қалпына келтіруге кірісіпті.

Виктор Бармин, Петропавл 2 жылу энергия орталығының директоры:
Инвестициялық бағдарламамыз жұмыс сапасын арттыруға, экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған. Жабдықтарымызды қалпына келтіру ісі, әрине, өзінің оң нәтижесін беруде. Қазандықтарымыздың сапасы 1,5 есеге артып отыр.  

Кейін жылу тарифін өзгерту ұсынысы жайлы әңгіме өрбіді. Акционерлік қоғам бұл өзгерісті көмір құнының және оны тасымалдау бағасының қымбаттауымен байланыстырып отыр.

Виктор Бармин, Петропавл 2 жылу энергия орталығының директоры:
Жанаржағармай бойынша шығын ұлғаюда. Бұл тарифте белгіленгеннен 400 млн-ға артық. Егер ұсынысымыз қабылданатын болса, жылу тарифі жаңа жылыту маусымында ең көп дегенде 6 пайызға өседі.

Алдын ала хабарландыру жасалғанымен қоғамдық тыңдауға келгендердің саны аз болды. 50-ге жуық тұрғын ғана жиылыпты. Отырысқа қатысқандары болса, жылу құнының қымбаттауын тіпті қолдап отыр.

Екатерина Елунина:

-Көмір бағасының қымбаттауына байланысты тарифтің өсуі заңды. Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы артады деп естідік. Ендеше бұл жаңашылдық аса қиындық туғызбайды деп ойлаймын  

Жылу тарифінің өзгеруі немесе бәз-баяғыдай қалуы уақыт еншісінде. Әзірге бұл арызды табиғи монополияларды реттеу департаменті жан-жақты қарастырмақ.

Айдана Демесінова