Аптадағы маңызды жаңалықтар

Депутаттар облыс бюджетін нақтылады



 

2012 жылдың облыстық бюджетін нақтылау мәселесі ең алдымен тұрақты комиссиялардың отырысында қаралды. Биылғы жылы облысқа республикалық бюджеттен қосымша 6 млрд. 138 млн. теңге көлмінде трансферттер бөлініп отыр. Оның ішінде 2 млрд. 287 млн. теңге әлеуметтік нысандардың құрылысына қарастырылыпты. Сөйтіп, өңірімізде жаңа үш емхана бой көтермек. Явленка, Булаев және Сергеевка қаласында медициналық мекемелерді салуға 2 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінген. Мұнымен қатар биыл Мамлют қаласында 300 орынға шақталған мектептің құрылысы жоспарланған.

Аида Балабаева,  СҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы:
-Техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерін қайта жарақтандыруға 100 млн теңге, “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы аясында инженерлік инфрақұрылымды дамытуға – 960 млн. теңге, ауылдағы мамандарды әлеуметтік қолдау шаралары бойынша баспана алуға – 99,5 млн. теңге, “Бизнестің жол картасы -2020” бағдарламасы шеңберінде несиелерді ішінара кепілдендіруге – 26,5 млн. теңге қаржы қарастырылып отыр.

Бұған қоса елді мекендердегі сумен жабдықтау жүйесін дамытуға да қосымша қаражат бөлінген. Тұрғын үй құрылысы да ерекше назарда. Бұл бағытқа республикалық бюджеттен 1 млрд. 100 млн. теңге қарастырылыпты. Мұнымен қатар биыл “Жұмыспен қамту -2020” бағдарламасының аясында ауылдардағы әлеуметтік нысандар мен жолдарды жөндеу көзделіп отыр. Петропавл қаласының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға да қаражат бөлінген. 2012 жылдың бюджетіне енгізілген бұл өзгерістер мен толықтыруларды депутаттар кейін облыстық мәслихаттың сессиясында бірауыздан мақұлдады. Күн тәртібіне шығарылған тағы бір мәселе – сайлауалды науқаны кезінде тұрғындардың көтерген сұрақтары. Барлығы халықтан 241 шағым-өтініш пен сын-ескертпе түскен. Негізінен тұрғындар ауыз сумен қамтамасыз ету, жол жөндеу, жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау, мектеп, балабақша ашу сияқты өзекті мәселелерді шешуді сұрайды.

Қайырлы Едіресов, облыстық мәслихаттың хатшысы:
47 өтініш- білім беру, 32-сі – сумен жабдықтау, 25 сұрақ – жол жөндеу, 15-і – тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы, 7 сұрақ – денсаулық сақтау, 10 сауал – жұмыспен қамту және 13 өтініш – мәдениет төңірегіндегі мәселелерге қатысты. Ал Петропавл қаласының тұрғындарынан 73 шағым-өтініш түскен. Оның қырқы – тұрғын үйлерді жөндеуге қатысты.  

Тұрғындар көтерген бұл мәселелер назардан тыс қалмақ емес. Оларды шешу амалдары қарастырылып, іс-қимыл жоспары әзірленеді. Осылайша алдағы жылдарда бұл бағытта үлкен жұмыс атқарылмақ. Осы орайда облыс әкімі депутаттық корпусты бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
– Жұмыс өте көп. Қазірде солтүстік коллекторды жөндеу бойынша жоба-сметалық құжат дайын емес.
Жедел жәрдем станциясын салуды кейінге шегеріп отырмыз. 2012-2013 жылдары аяқтаймыз. Жұмысшы кентінде көпір салу үшін жоба-сметалық құжаттар жоқ. Құжатты уақытында дайындауға үлкен көңіл бөлу қажет. Мұнымен қатар биыл барлық аудандар мен қалада ветеринарлық станцияларды құру бағытында ауқымды жұмыс күтіп тұр. Бірлесе жұмыс жасасақ, анағұрлым нәтижелі болары анық.

Биыл сондай-ақ “Жұмыспен қамту” бағдарламасы аясында салынып жатқан үйлердің құрылысын аяқтау жоспарланған. Ал “Қолжетімді баспана ” бағдарламасы аясында Петропавлда жастар қалашығының құрылысын бастау көзделіпті. Вокзал маңы аумағын қалпына келтіру де жоспарда бар.

Айымгүл Әбілева