Білім

Білімпаз лицеистер

 

 

 

Лицейдің 10-сынып оқушысы Михаил Черкашин қазақ тілін осыдан 3 жыл бұрын тереңдете оқи бастапты. Өз білімін шыңдау үшін талай олимпиадаларға да қатысқан. Биыл тұңғыш рет оқушылар арасындағы білім сайысының республикалық кезеңіне өтіп, жүлделі 2-ші орынды иеленіп отыр.

Михаил Черкашин, облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицей-интернатының оқушысы:
– Қарағанды қаласында гуманитарлық пәндерден өткен олимпиада 2 турдан тұрды. Менің ойымша, әсіресе, 1- кезең қиын болды. Мазмұндама жазу. 2-турда мақал-мәтелдер айтып, қазақ жазушыларының шығармашылығы туралы сөйлестік.

Михаилдың 30-дан астам оқушының арасында топ жарып, жоғары нәтижеге қол жеткізуі мемлекеттік тілді меңгеруге деген қызығушылығының арқасы дейді жетекшісі. Олимпиадаға қатысушыға ең алдымен өз ойын еркін әрі шебер жеткізе білу талабы қойылған.

Айнагүл Рамазанова, облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицей-интернатының мұғалімі:
Михаил 7-сыныптан бастап қазақ тіліне ден қойды. Республикалық олимпиадаға біраз дайындалдық.

Гуманитарлық бағытта Әнел Әбдірахманова да өз білімін сынап көрді. Нәтижесі қуантарлық. Ағылшын тілінен олимпиадаға қатысқан 40-тан астам оқушының арасында жерлесіміз жүлделі 2-ші орынғае қол жеткізген.

Әнел Әбдірахманова, облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицей-интернатының оқушысы:
Олимпиадада біздің тіл біліміміз сыналды. Барлық берілген тапсырмаларға жауап беруге тырыстым.

Жаратылыстану ғылымдары бойынша да оқушылар  жоғары нәтиже көрсеткен. 9-сынып оқушысы Саида Жүсіпова биология пәнін таңдап, теориялық және тәжірибелік білімін жоғары деңгейде көрсете білген. Ол 3-орынға тұрақтады.

Сәния Жүсіпова, облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік  мектеп-интернатының оқушысы:
Маған практикалық тур өте ұнады. Олимпиада барысында көп нәрсеге үйрендім. Өз нәтижеме көңілім толады.

Қазақ-түрік лицейінің оқушылары республикалық олимпиададан барлығы  7 медаль еншілеп қайтты, оның үшеуі – қола, үшеуі – күміс және  біреуі –алтын.  

Инеш Шоқақова