Құтқарушылар көктемгі су тасқынына әзір

ТЖД

14:54 2 Сәуір 2012

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері еліміздің шығыс және батыс өңірлеріндегі су тасқыны кезінде қол ұшын беруге әзір. Ол үшін өзге облыстарға 20 адамнан жасақталған арнайы топ жіберілмек. Өзге өңірді қажетті 4 техникамен қамту да жоспарда бар. Арнайы техника негізінен көлемі үлкен суды сорып, елді мекеннен 2 шақырым жерге төгуге арналған.

Болатжан Асқарбеков, МЖ- 2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары:
– Өрт сөндіру насос станциясы, АР-2, 1 АЦ және жеке құрамды тасымалдауға арналған техника жіберілетін болады.
Дегенмен бұл техникалардың құрамы өзгеруі мүмкін. Себебі біз қандай құралдардың сұранысқа ие екендігін алдын ала білетін боламыз.
 
Арнайы техника облысымыздағы су тасқынының алдын алуға да сақадай сай көрінеді.

Евгений Журавлев, СҚО төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы:
Алдын ала болжамдар бойынша біздің өңірде су тасқыны болады деген қауіп жоқ. Дегенмен арнайы техника мен мамандар дайын. Және бұл мәселе үнемі бақылауда болады.
 
Өткен жылы солтүстікқазақстандықтар су тасқынының салдарын жоюға қатысып, 1 ай көлемінде Шығыс Қазақстан өңірінің тұрғындарына жәрдемдескен еді. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері биыл да тиісті бұйрықтан соң 2 сағат ішінде жиылып, Шығыс немесе Батыс Қазақстанға аттана алады.

 Инеш Шоқақова