Құқық қорғау органдары

Қарыз қалай өндіріп алынады?


 

Еліміздің әрбір үшінші азаматы атқарушылық өндіріс бойынша борышкер саналады. Бұл несиені өтемеу, қарызға алған ақшаны уақтылы қайтармау, коммуналдық қызмет үшін төлемді немесе айыппұлды дер кезінде төлемеуден басталады. Мұндай жағдайда сот орындаушылары заң арқылы борышкерлерді міндеттерін орындауға мәжбүрлейтіні белгілі. Атқару өндірісі сот шешімі шыққан сәттен бастап қозғалады.

Анар Қарабалинова, СҚО сот актілерін орындау департаментінің №1 Петропавл аумақтық бөлімінің бастығы:
Сот шешімін күштеп орындатудың бірінші жолы – борышкердің мүлкіне тыйым салу болып табылады. Азаматтардың елден шығу құқығын шектеу де жиі кездеседі. Ол үшін сот орындаушысы республикадан шығуға тыйым салатын қаулы шығарады. Мұндай жағдайлардың орын алуына борышкерлердің сот орындаушыларынан тығылып, дер кезінде өздері жайлы мағлұмат беруден жалтаруы себеп болып отыр.

Анар Қарабалинованың айтуына қарағанда 2 жарым мың іс банк борышкерлерінің үстінен қозғалған. Барлығы бөлімде 4500 азаматтық іс тіркелген. Атқару өндірісі жайлы заңға енгізілген өзгертулерге сай борышкер қарызын қайтарудан жалтарып жүрген болса, сот орындаушысы оның соңғы тіркелген мекен-жайы бойынша ақпарат беруге құқылы. Сот орындаушылардың қызметіне тағы да біршама жаңашылдықтар енгізілген.

Анар Қарабалинова,СҚО сот актілерін орындау департаментінің №1 Петропавл аумақтық бөлімінің бастығы:
Соңғы жаңашылдықтардың бірі – борышкерді таба алмаған жағдайда сот орындаушысы оны іздеуге жариялау туралы сотқа ұсыныс жасайды. Бұдан соң ол борышкердің қатысуынсыз оның мүлкімен жұмыс жасауға құқылы. Автокөлік, жылжымайтын мүлік, жер телімін өндіріп алуға қатысты. Және сот орындаушысы 3-ші тұлғаларға борышкермен белгілі бір іс-әрекеттер жасауға тыйым сала алады.  

Негізінен тұрғындардың дені ойланбастан мүліктерін кепілдікке қойып, кейін қарызын қайтара алмағандар. Сондай-ақ жұбайлар арасында мүлікті бөлу жағдайлары тәжірибеде жиі кездесетін көрінеді.

Инеш Шоқақова