Балалар

Жастар саясатын жүзеге асыру

 

 

 

Жиынға қатысушылар алдымен өңіріміздің шығармашыл жастары дайындаған көрмені аралады. Бұл жерде қолөнер шеберлері әзірлеген түрлі бұйымдар, арнайы зерттеу жобаларынан бастап жасалуы ұзақ уақыт пен тынымсыз еңбекті қажет ететін конструкцияларға дейін тамашалауға болады. Олардың арасында Солтүстік Қазақстан медициналық колледж студенттерінің жобасы ерекшеленді. Болашақ мамандар дәстүрлі медицинамен қатар әуен арқылы емдеуді ұсынып отыр. Бұл жобаны әзірлеу барысында ізденушілер түрлі зерттеулер жүргізіпті.

Ақбота Оразбекова, Солтүстік Қазақстан медициналық колледжінің студенті:
– Біз көрмеге музыка арқылы емдеу жобасын ұсынып отырмыз. Ол үшін қаламыздың денсаулық сақтау мекемелерінде зерттеулер жүргіздік. Бұл ойымыз қолдау табады деп ойлаймыз.

Еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған белсенді жастар көрме арқылы өз қатарластарының шығармашылығымен танысты. Тәжірибе алмасып, бір-бірімізден үйренеріміз мол дейді олар.

Нұрлыбек Тәжин, «Амангелді аудандық жастар кеңесі» ҚБ төрағасы, Қостанай облысы:
– Көрмені тамашалау барысында солтүстікқазақстандық жастардың түрлі салаларды қолға алғандығын көрдім. Бір-бірімізбен тәжірибе алмасуымыз қажет. Қазіргі таңда жастар саясатына ерекше көңіл бөлінуде. «Дипломмен ауылға», «Жастар» тәжірибесі бағдарламалары осыған дәлел.

Үстіміздегі жылдан ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты кеңесінің отырыстары өңірлерде өткізілетін болды. Бұл игі дәстүрді бастау мүмкіндігі Солтүстік Қазақстан облысына бұйырып отыр. Жиынға қатысқан өңір басшысы Серік Біләлов кеңес жұмысына сәттілік тіледі.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстанның болашағы- жастардың қолында» деген болатын. Қазіргі кезде жастардың жақсы білім алуына барлық жағдай жасалған. Сондықтан еліміздің гүлденуі жолында сіздерге артылып отырған үлкен жауапкершілікті ақтайды деген сенімдемін.

Ел экономикасының қарыштап дамуы мен қазақстандықтардың әл-ауқатының артуы жастардың белсенділігінсіз мүмкін емес. Кеңес мүшелерінің ортақ ойы осыған саяды. Сондықтан жастар саясатын жетілдіру, түйткілді мәселелерді бірлесе шешу жайында сөз болды.

 Ғабидолла Абдрахимов, Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің төрағасы:
– Ел халқының 30 пайызын жастар құрайды. Яғни бұл 4 млнға жуық азамат. Сондықтан ең алдымен рухани және патриоттық тәлім-тәрбие мәселеріне назар аудару қажет. Білім беру жүйесін жетілдіру мен жаңарту да жастардың білім деңгейін арттырары сөзсіз. Бұл – еліміз білікті мамандармен қамтылады деген сөз.

Кеңес мүшелері белсенділік танытып, түрлі сауалдарын жолдап, ұсыныстарымен бөлісті. Сондай-ақ «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына ауыл шаруашылығы мамандықтарын енгізу жайы да сөз болды. Жастардың саяси белсенділігі жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, биыл түрлі деңгейдегі мәслихаттарға 129 жас депутат сайланған. 2007 жылмен салыстырғанда жастардың үлесі 1,6 пайызға артып отыр. Сондай-ақ отырыста «Мемлекеттік жастар саясаты жөніндегі» заңнамаға енгізілетін өзгертулер де қызу талқыланды. Бұл құжат жас кәсіпкерлерді қолдау, білім берудің сапасы мен қолжетімділігі, баспанамен қамту  сынды өзекті мәселелерді қамтымақ.

Әлия Ғалимова, Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы:
– Бұл заңнаманы құрастыруда жастар ұйымдарының өкілдері, мемлекеттік органдар қызметкерлері мен студенттер қауымы белсенділік танытты. Студенттердің жолақысы, оқудан соң, жұмыспен қамту, жас жанұяларға қолдау көрсету мәселелері қарастырылған. Бұл сауалдар Елбасының биылғы Жолдауынан да көрініс тапты.

Қазіргі таңда өңір жастарының 5,8 пайызы жұмыспен қамтылмаған. Яғни бұл жастар саясатындағы өзекті мәселелердің бірі. Кеңес барысында әр өңірде жастардың еңбек биржасын құру қажет деп шешілді. Облыс әкімі жақын арада аталмыш мекемені құруды тапсырды. Сәуірдің 6-сы күні жұмыс берушілердің ұсыныстары мен сұраныстары талқыланбақ. Кеңестің жұмысы осындай жағымды жаңалықпен аяқталды. Келесі отырыс мамыр айының ортасына жоспарланған.

Инеш Шоқақова