Энергетика

Трансформатор станцияларындағы ұрлық

 

“Ақ бота» балабақшасы мен маңайдағы 5 тұрғын үй таңғы сағат 6-дан жарықсыз қалған. Оларды энергиямен қамтамасыз ететін 374-трансформаторлық шағын станциясындағы тежегіш құрылғыларды белгісіз біреулер қолды еткен. Мұнымен қаскөйлер нені көздегендері түсініксіз дейді мамандар. Өйткені бұл зат өзге мақсатта қолдануға жарамсыз, әрі құнсыз көрінеді.

Александр Калганов, «СҚ РЭК» АҚ шебері:

-Бұл заттар біз үшін ғана құнды. Тұрғындарды жарықпен қамту үшін пайдаланылатын бөлшек. Оны ұрлаған адамдар сатқанның өзінде айтарлықтай пайда таппайды.  

Мамандар ұрланған жабдықтың орнына жаңасын орнатып, 374- трансформаторлық шағын станциясына қосылған мекемелерге жарық берді. Станциялардан тежегіш жабдықтардың жоғалуы наурыз айынан басталыпты. Осы аз ғана уақыт ішінде 90 сақтандырғыш ұрланған. Бұл жағдай энергетиктерге материалдық шығын әкелсе, тұрғындарды жарықсыз қалдырып, қолайсыздық туғызып отыр.

Виталий Фесько, «СҚ РЭК» АҚ бас инженері:
– Қала тұрғындарын аулаларындағы трансформаторлық шағын станцияларға көз салып отыруларын сұраймыз. Егер оның маңында жүріп, есігін ашып жатқан күдікті азаматтарды көрсеңіздер, дереу 41-36-04 немесе 154 телефон нөміріне хабарласыңыздар. Бірігіп, мұндай бұзақылыққа барғандарды анықтап, ұстаймыз деп үміттенеміз.

Мұндай келеңсіз оқиға облыстық перинаталдық орталықтың маңында да орын алған. Бұл жердің тұрғындары 15-20 минут электр жарығынсыз қалған екен. Жарықты ескертусіз өшіру әсіресе, емдеу мекемелері үшін қауіпті. Сондықтан энергетиктер бұзақыларды қолға түсіру үшін тұрғындардан көмек сұрап отыр.

Айдана Демесінова