Қоғам

Сөз зергерінің мерейтойына арналған конференция

 

 

Қазақ әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосқан жазушы “Қазақ солдаты”, “Ұлпан”, “Оянған өлке” романдарының авторы Ғабит Мүсіреповтің туғанына наурыздың 22-де 110 жыл толды. Бүгін  әдебиет сүйер қауым, Ғабең ескерткішінің басына жиналып, жазушының рухына тағзым етті. Гүл шоғын қою рәсімінен кейін М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де конференция ұйымдастырылды. Оған Алматы, Астана, Қарағанды университеттерінің оқытушылары қатысты. Делегация құрамында асылдың тұяғы, Ғабеңнің үлкен ағасы Сәбит Махмұтұлының жиені Тұяқ Рақышев бар. Нағашымның айтқан ақыл-кеңестері басты өмірлік ұстанымыма айналды дейді ол.

Тұяқ Рақышев, Ғабит Мүсіреповтың жиені:
-Ақырын, баппен, байыппен сөйлейтін адам. Оның маған айтқан сөзінің бірі: ақылды бол, ақылың, абыройың, білімің – сені әр уақытта тығырыққа тірелгенде алып шығатын жан жолдасың.

Толғауы тоқсан тірліктің оңы мен солын мұзжарғыш кемедей айырып, тура жолды нұсқаған тұғыры мықты, болмысы бөлек Ғабит Мүсіреповтің шығармашылығын зерттеп жүрген зиялы қауым өкілдері аз емес. Ұлы тұлғаның көзін көрген Таңат Сүгірбаев Ғабең көп сөйлегенді жақсы көрмейтін еді деп еске алады. Жазушы романдары, пьесалары, әңгімелері қазіргі күнге дейін оқырмандардың үлкен қызығушылығына ие дейді.

Таңат Сүгірбаев,  «Асыл мұра» орталығының жетекшісі:
-Ғабең творчествосын көп айтуға болады. Ол – драматургияда да қалам сілтеген адам.   Зейнолла Қабдоловтың сөзімен айтқанда, Ғабеңді мақтаудың керегі жоқ, Ғабеңмен мақтануымыз керек.  

Болмысынан сұлулыққа жаны құмар жазушы осы тақырыпты да өз шығармаларына арқау еткен. Қаламгер қыз-келіншектер, ана тақырыбын еңбектерінің өзегі етіп, аса шеберлікпен сомдай білген.

Айтолқын Мінайдарова, М:Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:
– Ғабит Мүсіреповтың Ұлпан бейнесінің сомдалуының өзі – үлкен шеберлік. Оны тұлға ретінде, әйел затына тән қасиеттерді бере отырып, әйелдің идеалы етіп көрсеткен.

Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасымен мәңгіге қалған, қарымды қаламгер Ғабит Мүсіреповтың мерейтойы облысымызда жоғары деңгейде аталып өтілуде.

Әсел Күшенғалиева