ТКШ

ПИК төрағаларының қала әкімімен кездесуі

Биыл «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы бойынша 57 көпқабатты баспананы жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Бұл үшін 812 миллион теңге қаражат қарастырылған. Жақында жобаға бірқатар өзгертулер енгізілген болатын. Пәтер иелері жөндеу жұмыстарының 6 түрін таңдау мүмкіндігіне ие. Егер тұрғындар үйдің жертөлесін, кіреберісі, шатыры мен қабырғаларын бірге жөндейтін болса, олар міндетті түрде жылу энергиясын есептеу құралын орнатуы тиіс. Бірақ  бұл жиналғандардың тарапынан наразылық тудырды. Олар мұндай құрылғының энергияны үнемдеуде пайдасының шамалы екендігіне тәжірибе жүзінде көз жеткізгендерін айтады. Құрылғы орнатылған үй тұрғындары көрсетілген қызметке артық төлейді дейді. Қала әкімі Болат Жұмабеков бұл мәселелерді хаттамаға енгізуді тапсырды. Жиында шешімін таппай отырған коммуналдық мәселелер өзге де  қозғалды. Археменко, 2 мекенжайындағы көппәтерлі тұрғын үйдің жертөлесін 5 жылдан бері су басады екен. Осы көктемде қалай аман шығамыз деп алаңдаулы тұрғындар.

Валентина Слепнёва:

 

– Ең алдымен аула мен жертөлені судан сақтау жағын ойластыру керек. Себебі жылу есептеуіш құралын қою мүмкін емес. Үйіміз әрдайым ылғалды болып тұрады. Шатырдың шеті құлап жатыр, баспананы қалыпқа келтіру өте қиын. Сондықтан да ең алдымен осы мәселені шешу қажет.

Сондай-ақ, тұрғындар үйдің шатырын сапалы жөндемеген мердігерлермен келісім-шартты бұзу мүмкіндігі, тасжол төсеу және балалар алаңқайларын орнату мәселелерін көтерді. Қала әкімі Болат Жұмабеков тұрғындар тарапынан түскен сұрақтар мен ұсыныстардың қаралып, тиісті шешім шығатынын айтты.

Гүлбану Ахметова