Ауыл шаруашылығы

Аграрийлерге арналған орталық



 

Еліміздің басты аграрлы өңірі саналатын  СҚО-да білім тарату орталығының ашылуының маңызы зор. Мақсат ғылым мен тәжірибені ұштастырып шаруашылықты ұтымды жүргізудің тәсілдеріне машықтау, заманауи технологияларды ендіру арқылы өндіріс тиімділігін арттыру. Бұл осымен еліміздегі 9-шы орталық.

Серік Кененбаев, “КазАгроИнновация” АҚ басқарма төрағасы:
– Шаруашылықтарға берген көмегіміз көбіне қолдау тауып жатыр. Мысалы 600 фермерден сұрау жасаған кезде 70 пайызы біз өткізген семинар-кеңестің пайдаға асқанын, тың технологияларды пайдалануға әсер еткенін, өнімінің көтерілгендігі туралы ақпараттар берді.

Ауыл еңбеккерлерін оқыту мекемесі облыстық мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты жанынан құрылды. Оның инфроқұрылымы мен материалдық-техникалық базасын жасақтауға республикалық қазынадан 15 млн теңге қаржы бөлініпті. Жыл соңына дейін мұнда 8 семинар-кеңесте заман талабына сай дәріс беру жоспарланып отыр. Ол үшін орталықта тәжірибелі ғалымдар да,  ақпараттық құралдар да жеткілікті.

Қанат Мыңжасов, СҚО мал және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ” ЖШС директоры:
– Мамандар жетпей жатыр.
Оларды дайындау үшін бізде ұстаздар бар: ғылым докторы, 30 ғылым кандидаты бар. Тыңдаушыларға бүкіл жағдайды жасап жатырмыз. Мамандар бәрін даярлап сертификат тапсырылады. 5 күн берілетін сабақтар 40 сағат.

Шайлғайдағы агроқұрылымдарға танымдық сабақтарды онлайн режимінде өткізу қарастырылған. Сондай-ақ мамандар аудандарға шығып, тікелей шаруашылық басында кеңестерін беретін болады. Кәсібін дөңгелетемін дегендер өздеріне тиімді ұсыныстарды қоңырау шалып, телефон арқылы алу мүмкіндігіне де ие. Негізінен жергілікті ірі қараны асылдандыруға басымдық беріледі. Биылдың өзінде өңірімізге шетелден 65 мың бас жоғары өнімді зеңгі баба төлі жеткізілетін болады.

Аяз Рамазанов, “Қызылжар” білім тарату орталығының директоры:
Мал шаруашылығы өнімділігінің 80 пайызы мал азығына тікелей қатысты. Асыл тұқымды малдың сүттілігі мен еттілігін арттыру үшін дұрыс бағып күту, ауру малды емдеудің тиімді жолдарын үйрететін боламыз. Ауылшаруашылығы деген оңай іс емес. Қажырлы еңбекпен қатар озық үлгідегі технологиялар ендірілмесе, нәтиже шықпайды.

Орталықтың алғашқы оқыту семинарына қатысқан шаруа қожалықтарының жетекшілері маңызды бастаманың тиімділігін аңғарып көрді. Оқу тегін жүргізіледі. Тыңдаушылардың жол машақаттары мен тамақтануын да үкімет өз мойнына алып отыр.

Павел Леонов, “Леонов” ШҚ басшысы:
Облысымызда ұзақ уақыт бойы ауылшаруашылығы мамандарын оқытуға қатысты нақты жұмыстар атқарылған жоқ. Қай агроқұрылымды алмасақ та білікті маманға тапшы. Енді шеберліктерін арттыратын орталықтың көмегімен өңірімізде ауылшаруашылығының қарқыны өсе түсетініне сенімдімін.

Осылайша биыл ғана еліміздің 2 мыңға тарта ауыл еңбеккеріне білгендеріне білім қосу жоспарланып отыр. Болашақта осы секілді орталықтарды Қазақстанның барлық өңірлерінде ашу жоспарлануда.

Жеңіс Ермұқанов