ТКШ

Жарақаттану жиіледі

 

 

Ольга Попельникова 2-ші балалар емханасында педиатр-дәрігер болып жұмыс істейді. Қарамағындағы балалардың денсаулығын тексеруге шыққанда тайып құлаған. Абырой болғанда жеңіл жарақатпен шектелді.

 Ольга Попельникова:

Жұмысшы кенті тұрғындары балаларының денсаулығын қадағалаймын. Шақыртулардың бірінде құлап, қолымды соғып алдым. Өз міндетімді атқарып болғаннан кейін тексеруге келдім.

Бұл күні 3-ші аурухананың жарақат бөлімі кешкі сағат беске дейін 50 адамды қабылдап үлгерді. Олардың   дені көктайғақтың әсерінен жарақат алғандар.

  Абиджан Алиев, 3-ші қалалық аурухананың травматолог-ортопед дәрігері:
Бүгінгі күні қабырғасы сынған 3 азамат көмегімізге жүгінді. Сүйегін сындырып алған14 адам келді. Негізінен  ісік, жеңіл жарақаттар табан жіліншігі, білегі сынғаны анықталып жатады.

Мұндай күндері сақ болып, далада көп серуендемеген абзал, дейді дәрігерлер.

  Абиджан Алиев, 3-ші қалалық аурухананың травматолог-ортопед дәрігері:
Бірінші күні соғып алған жерді суық затпен таңып қою керек. Кейін дәрігердің көмегіне жүгініп, тиісті дәрілерді жаққан жөн.

Қардың еріп, екінші күні мұз болып қатуы салдарынан солтүстікқазақстандықтар үшін біраз қолайсыздық туындап отыр. Қала көшелерімен жүру мүмкін емес дейді олар.

Мұндай көктайғақ екенін білсем, шықпас едім. Алдында осының кесірінен қолымды сындырып алғанмын. Мұндай оқиғаның қайталанғанын қаламас едім
Жүру қиын. Жолда мұз қабаты қатып қалған. Әрі жел қатты. Бүгін құлап, әрең тұрдым.
Жолға құм сепсе, жақсы болар еді. Өйткені далада жүру мүмкін емес. Өте тайғанақ.  

Көлік иелері де біраз қиындықтарға тап болды. Түрлі келеңсіздіктердің алдын алу үшін жылдамдықты бәсеңдетуге мәжбүр.

 –Мұндай күндері баяу жүрген дұрыс. Қатты жүру қауіпті. Айнала мұз, сырғанақ
Сағатына 30-40 км жүремін. Көктайғақ болғанда көлікпен қатынау өте қиын, әрі қауіпті.

Ал коммуналдық қызмет өкілдері тиісті шараларды қолданып жатқандығын айтуда.

Ғали Абдрашев, Петропавл қалалық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің жетекші маманы:
Құм себу жұмыстары жоспар бойынша жүріп жатыр. Ертең өзге көшелерде осындай іс атқарамыз.

Дегенмен тұрғындар бұл жұмыстың оң әсерін сезініп жатқан жоқ. 3 күннің өзінде ғана 3-шіаурухананың травматология бөлімі түрлі жарақатпен келген 150-ге жуық азаматқа көмек көрсетті.

Айдана Демесінова