Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімінің Аққайың және Қызылжар аудандарына жұмыс сапары



 

Облыс әкімі Серік Біләлов алдымен Аққайың ауданындағы «Леонов» шаруа қожалығының егіс алқабында болды. Бұл жерде аймақ жетекшісі өткен күздегі жиын-терін қалдықтарын маялау жұмыстарымен танысты. Шаруашылықтың еншісіндегі алқап 5000 гектарға жуық. Күн жылыса құрғақ шөп ұшқын тисе, лезде тұтанып кетуі мүмкін.
Ондайды болдырмас үшін шаруашылық сабан қалдықтарын уақытылы жинап алуға кірісіп кеткен.

Яков Леонов,  «Леонов» ШҚ басшысы:

-Былтырғы жылдан қалған сабандарды маялап, жинап алуымыз қажет. Әкімшілік тарапынан көтеріліп жатқан бұл жұмыстарға біз кірісіп те кеттік. Арнайы техникалар бөлінді. Көктемгі егіс науқанына дейін қойылған міндетті толықтай шешеміз деген ойдамын.

Бұл жерде Серік Біләлов сондай-ақ орманшылармен және селолық округтің ерікті өрт сөндіруші құрылымдарымен кездесіп, техника паркін көрді. Бұдан соң Смирнов елді мекеніндегі жеке кәсіпкер, Юрий Векерленің ағаш өңдеу цехында болды.

Юрий Векерле, жеке кәсіпкер:
– Менің қарамағымда 35 адам жұмыс істейді. Меншігімізде өрт сөндіруге арналған техникалар да бар. Қызметкерлердің барлығы өз істерінің мамандары. Жоспар құрдық. Алаңдауға еш негіз жоқ. Егер келеңсіз жайт орын алып жатса, бізге төтенше жағдай қызметкерлері қол ұшын созуға дайын.

Өңір жетекшісі «Аққайың» орман шаруашылығы мекемесіне соқты. Мұнда ол өрт сөндіруге арналған техникалардың жай-күйімен танысты. Бүгін күні мұнда 5 трактор, 9 УАЗ автокөлігі бар.

Виктор Раковский, «Аққайың орман шаруашылығы» ММ директоры:

– Барлық ауыл шаруашылығы құрылымдары мамандарын егіс алқаптарында қалған қалдықтарды жинап алуға шақырамын. Оны өртеуге тыйым саламыз. Орман өрттерінің алдын алу үшін кешенді шаралар жүргізуге әзірміз. Тілсіз жаудың жолын кесу үшін біздің мамандардың даярлығы жақсы. Жанар – жағармай қоры жеткілікті.

Облыс әкімі Қызылжар ауданына қарасты «Сервис Жарс» серіктестігінде, Бескөл ауылындағы ағаш пайдаланушы Сермұхамет Оралұлының өндіріс орнында болды. Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына соқты. Мұнда Серік Біләлов жаңадан құрылған «Қызылжар» агроөнеркәсіп кешені саласында білім тарату орталығының тыныс – тіршілігімен танысты. Арнайы аудиториялар қажетті қондырғылармен 100 пайыз қамтылған.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Жаңадан құрылған білім тарату орталығының мақсаты – агроөнеркәсіп кешенінің мамандарына шаруашылықты тиімді жүргізудің тәсілдері мен технологияларын ғылыми және тәжірибелік тұрғыда жеткізеді. Бұдан нәтиже шығатынына сенімдімін. Материалдық база 100 пайыз жаңартылған.  

Бұл жерде мамандар өздерінің біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік алады. Жылына 200 – ден астам азамат тегін білімін жетілдірмек. Айта кеткен жөн, бұл еліміздегі 5 – ші орталық.

Жеңіс Ермұқанов