ТКШ

Мамырдың бірінен «Петропавл судың» тарифі көтеріледі

 

 

Мамырдың бірінен сараланған тариф енгізілмек. Яғни, пәтерінде су есептегіш құрылғы орнатылған тұтынушылар бір басқа, ал мұндай құрылғысы жоқ тұрғындар өзге тариф бойынша төлем жасайтын болады.

Сергей Визеров, “Петропавл су” АҚ бас инженері:
– Су есептегіш құрылғысы бар тұрғындар судың бір текше метрі үшін – 31 теңге 68 тиын, ал құрылғысы жоқ тұтынушылар – 37 теңге 35 тиын төлейтін болады. Ал кәсіпорындар – 1 текше метр үшін 51 теңге 54 тиын төлеп келді, енді бұл сома – 90 теңге 14 тиын болмақ. Кәріз қызметі үшін де сараланған тариф енгізіледі. Бірінші топтағы тұтынушылар үшін – 25 теңге 46 тиын, ал екінші топтағылар – 30 теңге 02 тиын, кәсіпорындар – 67 теңге 50 тиын төлейді.

Сараланған тариф енгізілгенде су есептегіш құрылғы қоймаған тұрғындар ұтылады. Бүгінгі күні бұл топтағы тұтынушылар айына адам басына шаққанда 353 теңге төлесе, енді бұл сома 512 теңгені құрамақ. Ал құрылғысы бар тұрғындар орташа есеппен алғанда айына 200 теңге шамасында ғана төлейтін болады. Бұл жағдайда сараланған тариф халықты су есептегіш құрылғыны орнатуға ынталандыруға тиісті дейді Сергей Визеров.

Сергей Визеров, “Петропавл су” АҚ бас инженері:
– Бүгінде облыс орталығында халықтың су есептегіш құрылғылармен қамтылуы 80 пайызды құрайды. Және көрсеткіштің өсу қарқыны сылбыр. Жылына орташа есеппен 4 пайыз шамасында.

Жаңа тариф кәсіпорынның жағдайын жақсартуға мүмкіндік бермек. Тек өткен жылы ғана “Петропавл судың ” шығыны 132 млн. теңгеге жеткен. Электр энергиясы үшін төлем жасауға қаражат жетіспейді. Кең ауқымды жөндеу жұмыстарын жүргізуге де қаржы керек. Мұнымен қатар кәсіпорын қызметкерлерінің еңбекақысы төмен. Бүгінде кәсіпорында орташа жалақы  – 28 мың теңге. Жаңа тарифті енгізу арқылы оны 33 мыңға дейін көтеру жоспарланған. Өз кезегінде тұрғындар тарифтің көтерілуіне түсіністікпен қарап отыр.

-Мен қарсы емеспін. Пәтерімде су есептегіш құрылғы бар. Сондықтан тарифтің көтерілуі мен үшін аса елеулі болмайды.
– Жағдайды түсінеміз. Тек көп көтерілмесе болды. Бұл бір жағынан суды үнемдеуге ынталандырады.

Айымгүл Әбілева