Мәдениет

Сахнагерлер марапатталды



 

С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының ұжымы төл мерекелерін әдеттегідей сахнаның сәнін келтіріп әуелеген ән, ұтымды әзілмен, мың бұрала билеп дүркіретіп тойлады. Сәбит Мұқановтың 100 жылдық мерейтойында өңірімізде қазақ театрының шымылдығы алғаш рет ашылған болатын. Өстіп 12 жыл қатарынан тамаша қойылымдармен көрерменді орындығына таңып, өзіне еліткен шаңырақтың халқымызға рухани азық болар таңдаулы туындылары жетерлік. Бүгінде репертуарында ұлттық және әлемдік драматургияның елуге жуық шығармасы бар. Қоғаммен біте қайнасып, тәрбие мектебіне айналған театрмен бірге сахнагерлер де өсіп, өркен жайды. Өнердің ыстығына күйіп, суығына тоңып шыңдалған шеберлердің еңбегі жыл сайын арнайы театр ұжымы тіккен «Алтын сақа»  жүлдесімен бағаланады.

Ақтілек Балғыбекова, С. Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театры режиссерінің көмекшісі:
– Театрға қосқан үлесі үшін номинациясын алып отырмын. Ол менің әріптестерімнің арқасы, 10 жылдық еңбегімнің бағасы. Режиссердің көмекшісі болып 2002 жылдан жұмыс жасап келемін. Онымен қоса әншілікті алып жүрмін.

2011 жылдың үздік режиссері аталымына Батырбек Шамбетов лайық деп танылды. Мәдениет қайраткері   өнер сүйер қауым назарына “Шойын қатын, коммедиялық драмасын, Желтоқсан оқиғасына арналған “Тығырық” спектаклі мен “Абайлаңыз, қалыңдық” мюзиклін тарту етті.

Батырбек Шамбетов, С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының режиссері:
– Режиссер колективтің көш басында жүрген адам болу керек.
Ол барлық рөлдерді алдымен өзі ойнап шығады. Актерлермен кездескенге дейін өзі пьессамен біраз шұғылдануға тура келеді. Театр ұжымының маған сыйлық ұйғарып отырғандарына үлкен алғыс айтамын.

Жыл актері атағы Мұрат Құсайыновқа тағайындалса, Гүлнәз Базарбаева үздік актриса аталымын иеленді.

Гүлнәз Базарбаева, С. Мұқанов атындағы қазақ сазды- драма театрының актрисасы:
– Бұл марапат мен үшін өте маңызды, биік мәртебе.
Бұл жыл бізге өте табысты болды. Бірнеше қойылым қойдық. Талмай еңбек еттік. Соны бағалап жатқандарына рахмет.

Осындай дарынды, парасатты әртістері бар театр ұжымының алар асуы, бағындырар биігі алда екенін басты сыншы өнер сүйер қауымның ыстық ықыласты шабытты шапалағынан аңғаруға болады.

Біреудің жан дүниесін ойнайды, біреулерді сомдайды. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бүгінгі номинациялар орынды да, мәнді де сәнді.
Өте жақсы ойнайтын актерлер ғой. Облысымыздың барлығы біледі, сүйеді. Сондықтан бүгін берілген сыйлық артық емес.
Марапатталғандары өте жақсы болды. Өздеріне лайықты, өте керемет.  

 

Жеңіс Ермұқанов