Билік

Рейтинг неге төмен?

 



 

Республика өңірлерінің ішкі даму деңгейінің қорытындысы бойынша Мамлют ауданының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші көңіл көншітпейді. Жергілікті атқарушы биліктің былтырғы қызметі 20 бағыт бойынша салмақталды. Сараптама Мамлют ауданының өңірдегі барлық аудандардың ішінде 12 орынға тұрақтағанын көрсеткен.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-ҚР Президенті әкімшілігінің бағалауына сәйкес 2011 жылы Мамлют ауданы экономикалық әлеуеті төмен аудандардың қатарында. 2010 жылы соңғы орын. Бұл жолғы көрсеткіш тек бір сатыға жоғарылады. Өз қателіктеріңнен сабақ алғыларың келмейтін сыңайлы. Берілген мүмкіндіктерді барынша пайдалана алмадыңдар. Сондықтан бұл тығырықтан шығудың жолын іздеу үшін бас қосуға мәжбүр болып отырмыз.

Статистикалық мәліметке сүйенсек негізгі 20 көрсеткіштің тең жартысы бойынша аудан көш соңында қалыпты. Межеленген жоспар толыққанды орындалмаған.

Аида Балабаева, СҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы:

Әсіресе өндіріс көлемі азайып отыр. Жоспар 72,5 пайызға ғана орындалған. Ауданда шығарылатын өнімнің 65,5 пайызы ұн үгу кәсіпорындарына тиесілі. Бір де бір үдемелі индустиялық-иновациялық жоба қолға алынған жоқ. Кіші және орта кәсіпкерлікті дамыту жұмыстары да сәйкесінше жүргізілмейді. Бұл орайда 88,9 пайыздық көрсеткіш тек соңғы 13 орынға лайық деп бағаланды.  

Өндірілген тауар құнын ауданның әр тұрғынына бөлгенде бар болғаны 99 мың теңгеден шығады екен. Бұл орайда орташа облыс көрсеткіші екі есе артық. Ауданда 1000 адамға шаққанда 2,7 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны келеді. Ішкі сұранысты қамту үшін кемінде үшеу болуы керек.

Қанат Қалиев, Мамлют ауданының әкімі:
Өткен жылдың соңында 7 шағын және орта бизнес нысандарының жұмысы тоқтатылғанымен, биылдан қайта жандандырылды. Нәтижесінде 2012 жылдың алғашқы екі айында ғана өндіріс саласындағы өсім 139 пайызға дейін көтерілді. Алдағы уақытта 3 наубайхана, 22 млн теңгеге қуаттылығы 98 тонна сүт фермасы салынады. Сондай-ақ жылына 3 млн дана кірпіш шығаруға қауқарлы зауыт тұрғызаамыз.

Ауылдықтарды таза ауыз сумен қамту жағы да ақсап тұр. Ауданға қарасты 41 елді мекен болса, 10 ауылдың тұрғындары суды әлі де қоғамдық құдықтардан алуға мәжбүр.

Қанат Қалиев, Мамлют ауданының әкімі:
– 13 елді мекенге орталық су желісі тартылған.
7-еуі локалды су көзімен қамтылды. 8 ауылға терең құдық қазылып,  су тарататын құбырларға қосылды. Ал өзгелерін мемлекеттік “Ақ бұлақ” бағдарламасы арқылы сумен қамтамасыз етеміз деп жоспарланып отыр.

Ауданның білім саласы да кенже қалған. Былтырғы ҰБТ қорытындысы бойынша 9-шы сатыдан көрінді. Түлектердің жоғары оқу орындарына түсуі мен төменгі буын оқушыларының жазғы сауықтыру лагерлерімен қамтылуы жағынан аудан 11 орынға жайғасқан.

Сара Рамазанова, Мамлют аудандық білім бөлімінің бастығы:
Талапкерлердің көбі мемлекеттік грант берілмейтін заңгер, қаржыгер, аудармашы мамандықтарын таңдады. Еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптерді меңгеруге бара қоймайды. Биыл осы бағытта жұмыс атқарамыз. ҰБТ дайындықтың қорытындысы бойынша алдын-ала сынақ тапсырғандар орташа балды 4 ұпайға жақсартты. Айына екі мәрте мониторинг жүргіземіз. 8 түлек алтын белгіге, 4-і үздік аттестатқа үміткер.

Өңір басшысы Серік Біләлов бұл мәселелерді шешу жөнінде бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
 Аудан әкімі мен тиісті басқарма басшыларына өндіріс көлемін арттыру жоспарын 100 % орындауды, “Жол картасы 2020″ бағдарламасына белсене қатысуды, инвестиция тартуды тапсырамын. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту керек. Жазғы сауықтыру лагерлерімен ауданның 1-10 сынып оқушыларын толықтай қамтамасыз етуді, ҰБТ дайындықты күшейтуді жүктеймін. Халықты жаппай спортқа тарту керек.

Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің құлдырауына жол берген  аудан әкімі Қанат Қалиев пен бірқатар бөлімдер басшылары тәртіптік жауапқа тартылды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Мамлют ауданының әкімі Қанат Қалиевке сөгіс жариялансын,  оның орынбасары Вишневская, білім бөлімінің бастығы Рамазановаға, кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Кенжебаевқа ауданның әлеуметтік-экономикалық мәселелерін уақытында шешуге ден қоймағандары үшін қатаң сөгіс жариялау ұсынылсын.  

Өңір жетекшісі үш айдың ішінде жағдай оңалмаса, сөгіс алған мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан босатылатынын айтты.

Жеңіс Ермұқанов