“Жаяу жүргінші”

Құқық қорғау органдары

14:39 28 Наурыз 2012

Таң атып, көшеде қозғалыс басталғанда жаяу жүргіншілердің де төбесі әр жерден көріне бастайды. Олар көп жағдайда жолды қысқартпақ ниетпен белгіленбеген жерден өтіп, өз өмірлерін бәйгеге тігеді. Мысалы, немересін жетектеген  қарт әжей жол ережесін бұзғандығын ойына алмаған да сияқты. Жол тәртібін елемеген тұрғындар полицейлерге уақыттарының тығыздығын айтып, ақталуда.

Айгүл Қапарова, жаяу жүргінші:
-Түсінесіздер ме, мен 20 жыл бойы көрмеген курстастарыммен кездесуге асығып бара жатыр едім. Бәрі жиналып мені ғана күтіп отыр. Енді мұндай оқиғаны қайталамаймын.

Соңғы екі ай көлемінде жолды белгіленген жерден өтпеген бір жарым мың жаяу жүргіншіге айыппұл салыныпты. Оның көлемі 12 млн теңгені құраған. Жол сақшыларының сөзіне қарағанда қала көшелерінде адамдардың кінәларынан жол апаттары жиілеп кеткен.

Болат Жексембинов, СҚО ІІД ЖПБ әкімшілік тәжірибе бөлімінің бастығы:
– Жыл басынан бері 18 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның салдарынан 2 жаяу жүргінші қаза болып, 16 адам түрлі деңгейдегі жарақат алған. Жаяу жүргіншілер тарапынан кететін қателіктің көбі олардың жолдың өтуге болмайтын әрі тыйым салынған бағдаршам белгісіне қарамауынан болып отыр.

Біз жаяу жүргіншілердің де пікірін тыңдап көрдік. Олардың қайсысының болмасын ереже бұзулары себепсіз емес көрінеді.

–  Жол ережесін бұзған себебім  үйде қатты науқас адам бар. Соған асығыспын.
– Сабаққа кешігіп бара жатыр едім, сондықтан тиісті емес жерден өтуге тура келді.

Егер жаяу жүргіншілер жол ережерін қайталап бұзса, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 24 000 теңге көлеміндегі айыппұл төлеуге мәжбүрленеді немесе үш күнге қамауға алынады.

Әспет Әбдірешова