МТРА жаңалықтары

Облыстық тәртіптік кеңестің кезекті отырысы

 

 

Айыртау ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қажығали Бадымовқа қатысты тәртіптік іс – отырыста қаралған бірінші мәселе. Оған қызметтік бабын асыра пайдаланды және бюджеттік қаржыны жымқырды деген айып тағып отыр қаржы полицейлері. 2010 жылдың қазан айынан 2011 жылдың шілдесіне дейін мектеп директоры жаттықтырушы міндетін қоса атқарғаны үшін еңбекақы алып келген. Ал шын мәнінде ол еркін күрестен сабақ өткізбеген дейді қаржы полицейлері.

Ернар Аяжанов, СҚО бойынша экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары:
Тексеріс кезінде оқытушы-жаттықтырушылар мен оқушылар Қажығали Бадымов сабақ өткізбегенін айтты. Оның орнына еркін күрестен балаларды Жүнісов жаттықтырған. Өз кезегінде ол мектеп директорының нұсқауы бойынша сабақ өткізгенін және бұл үшін жалақы алмағанын айтып отыр.  

Мектеп басшысының жаттықтырушы міндетін атқарғаны үшін он айда алған еңбекақысы – 230 мың теңге шамасында. Бұған қоса тексеріс кезінде автобус үшін қосалқы бөлшектер мен жанар-жағар май алуға бөлінген қаржының да мақсатқа сай жұмсалмағаны анықталыпты. Мұнымен қатар мектепте түрлі жұмыс атқаратын қызметшіні жеке шаруалары бойынша жұмсап, білім ошағының мүлкі – автобусты Қажығали Бадымов өз мақсатына пайдаланған дейді қаржы полицейлері. Бұл фактілер қылмыстық іс қозғауға жеткіліксіз. Сондықтан заңбұзушылық тәртіптік кеңестің отырысында қаралды. Сөз алған мектеп директоры тағылған айыпты ішінара ғана мойындайтынын айтты.

Қажығали Бадымов, Айыртау аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:
Бұл мектепте істеп жатқаныма 27 жыл. 12 жыл мектепке басшылық етіп келемін. Білім ошағын көтеруге зор үлес қостым. Сондықтан мұндай айыптауды есту мен үшін қиын. Мен жаттықтырушымын, сондықтан сабақ жүргізбеуім мүмкін емес. Ал елді мекеннен отыз шақырым қашықтықта тұратын жаттықтырушылар қалай түсінік бергенін білмеймін. Ал автобуста қалай мен мал таси аламын. Мұны да түсінбеймін.

Қайткен күнде де заңбұзушылықтар бар және олар тексеріс кезінде анықталды. Сондықтан тәртіптік кеңес мүшелері мектеп директорын қызметінен босату туралы ұсынысты қолдады.  Ал бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің жетекші маманы Тимур Хасенов халықтан түскен өтініш-шағымдарды уақытында қарамаған. Айыртау ауданының тұрғынынан түскен өтініш 56 күннен кейін ғана қаралып, 68 күн өткесін жауап беріліпті. Ал заң бойынша тұрғындардың шағым-өтініштері 30 күн ішінде қаралуы тиіс. Тәртіптік кеңес мүшелері бұл жағдайда тек мамандардың ғана емес, басшылардың да жауапкершілігін еске салды. Бар жағдайды салмақтай келе, тәртіптік кеңес мүшелері еңбек инспекторына қызметіне толық сай емес деген ескерту жасау туралы шешім шығарды. Отырыста кәсіпкерлікпен айналысқан бес мемлекеттік қызметшіге қатысты тәртіптік іс те қаралды. Олар мемлекеттік қызметке орналасқан кезде шаруа қожалықтарындағы кәсіпкерлік қызметтерін тоқтатпаған. Төртеуіне сөгіс беріліп, ал мемлекеттік қызметшіге теңестірілген бесіншісінің басшылығына жазаға тарту жөнінде ұсыныс жіберілетін болды.

Айымгүл Әбілева