Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қазақстан ДСҰ-ге енуге әзірлікті аяқтап келеді

 

 

 

Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру механизмдерін мейлінше жетілдіру үшін бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп отыр. “Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасын орындауға қосымша тағы 12 млрд. теңге бөлінген. Сөйтіп, үстіміздегі жылға қарастырылған қаражат 62,3 млрд теңгені құрайды. Биыл “Жастар тәжірибесі” жобасына айырықша көңіл бөлінбек. Оның аясында 15 мыңға жуық жасты жұмыспен қамту көзделген. Мұнымен қатар бағдарламаның екінші бағыты бойынша шағын несие беруге бөлінген қаражат биыл 3,5 есе артық. Бұған қоса енді шағын несие тек ауыл тұрғындарына ғана емес, облыс орталығынан өзге қалалардың халқына да берілетін болады. Тағы бір маңызды жайт – ендігі уақытта болашағы жоқ ауылдардан көшірілетін халық тек облыс аумағында ғана емес, республиканың кез-келген өңіріне қоныстану мүмкіндігіне ие.
“Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасына да өзгертулер енгізілді. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау аясы кеңеймек. Оларға 1,5-нан 3 млн . теңгеге дейін грант бөлінеді. Бұған қоса сервистік қызмет көрсету мен кәсіпкерлерді оқыту бағдарламасы жетілдірілмек. Мұнымен қатар несиені кепілдендірудің жаңа жүйесін енгізу де жоспарланған.  
Жиында сондай-ақ еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне қатысты мәселе де талқыланды. Бүгінде бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Келіссөздер негізгі төрт бағыт бойынша жүргізілуде. Осы күні тауар мен қызмет нарығына өту бойынша екіжақты келіссөздер толық дерлік аяқталған. Енді қазіргі уақытта еліміздің сауда және сыртқы экономикалық саясаты туралы көпжақты келіссөздер жалғасуда. Оларды жылдың соңына дейін аяқтау көзделген. Селекторлық байланыс үзілгеннен кейін облыс әкімі Серік Біләлов отырыста қаралған жобалардың маңыздылығына тоқталып, алдағы міндеттерді айқындады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Бүгінгі мәселелер өте өзекті. Енді барлық өзгертулер мен толықтыруларды ескере отырып, бағдарламаларды жүзеге асыруға күш салуымыз қажет. Барлық мемлекеттік органдар өзгерістерді толыққанды саралап, соның негізінде тиісті шараларды қолға алу керек.

Айымгүл Әбілева