Құқық қорғау органдары

Қаржы полициясы үш айды қорытындылады

 

 

 

Петропавл қалалық ІІБ Криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі заңға қайшы әрекет жасамақ болған жерінде қолға түскен. Ол бөтен мүлікті ұрлауға қатысты тергеуге дейінгі тексеріс материалы бойынша оң шешім қабылдауға болатынын айтып, азаматшаны ІІБ лауазымды тұлғаларына пара беруге итермелепті.

Нұрлан Жахин, СҚО бойынша экономикалық қылмыстарға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз хатшысы:
– Жалпы сомасы 1,1 мың АҚШ доллары болатын. Қазіргі уақытта жедел уәкілге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Жалпы жыл басынан қаржы полицейлері 17 сыбайлас жемқорлық қылмысты ашып, 8 адам сотталған. Ғ.Мүсірепов аудандық сотының үкіміне сәйкес аталмыш ауданның ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы Мұхамадеев 3 жыл мерзімге мемлекеттік қызметте болу құқығынан және дәл осынша уақытқа шартты түрде бас бостандығынан айырылған. Ол «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ астықты өткізу бойынша квотага қосу үшін кәсіпкерден 75 мың теңге мөлшерінде пара алыпты. Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары Мұсариановқа қатысты қылмыстық іс те тергелуде.

Нұрлан Жахин, СҚО бойынша ЭСЖКД баспасөз хатшысы:
– Ол алдау жолымен ақша қаражаттарын ұрлау мақсатында Ступинка селосында орналасқан мәдениет үйі ғимаратын заңсыз сатып, алған 850 мың теңге мөлшеріндегі ақша қаражаттарын өз мақсатында жұмсаған деген күдік бар. 

Үстіміздегі жылы қаржы-экономикалық салада 53 қылмыс анықталған. Жалған кәсіпкерлік фактілері бойынша 4 қылмыстың беті ашылыпты. Мәселен, 3 азамат салық төлеуден жалтару және мүліктік пайда табу мақсатында СҚО бойынша Әділет департаментінде жалған тұлғалардың атына серіктестіктер тіркеп, мемлекетке 188,7 млн. теңге мөлшерінде залал келтірді деп айыпталған. Бұл факті бойынша қылмыстық іс жалғасуда.

Инеш Шоқақова