Құқық қорғау органдары

Кинологтар сынағы


 

Жеті қазынаның бірі саналатын иттің қоғамға тигізетін пайдасы зор. Бүгінде олардың арқасында түрлі қылмыстық істердің ашылатыны жасырын емес. Әрбір кинолог-мамандарға бекітілген қызметтік иттер кезекті іздестіру-жаттығу сайыстарына түсуде. Облыстық кедендік бақылау департаментіне қарасты иттер тәлімбағында барлығы 13 төбет бар.

Сергей Ящук, СҚО бойынша кедендік бақылау департаментінің кинология орталығының бастығы:
– Иттердің дайындығын тексеру мақсатында бір жылда екі рет тексеріс жұмыстары өткізіледі. Оның барысында төртаяқтылар көліктерге жасырылған есірткі заттарын іздеп табуы керек. Жалпы мұндай қызметке олар күшік кезінен бастап үйретіледі.

Қызметтік іздестіру иттерін үйрету оңай шаруа емес. Бұл жұмыс үлкен жауапкершілікті, тиянақтылықты, еңбекқорлықты талап етеді дейді кинолог-маман Александр Анохин. Оның қарамағындағы Кевин үшін бөгеттерден өтіп, жасырылған есірткіні табу қиындық туғызбады. Өткен жылы осы сынды жарыста 1-ші  орынға ие болған  ит 4 жаста.

Александр Анохин, СҚО бойынша кедендік бақылау департаментінің аға кинолог-маманы:
– Иттерді кедендік бақылау бекеттеріне алған кезде олар арнайы іріктеуден өтеді. Ол сындардан өткеннен кейін оларды біз арнайы жаттығулар арқылы іздеу-қызметіне үйретеміз.

Қызметтік іздестіру иттерінің оқу-жаттығуларын көруге облыстық жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балаларға арналған мектеп- интернат тәрбиеленушілері қатысты. Иттердің оқу-жаттығу сайыстарынан олардың алған әсері зор.

– Маған сайыстың ұнағаны соншалық, тіпті болашақта кинолог болғым келіп кетті.
– Иттер өте жақсы үйретілген екен. Адам өмірін де құтқарады деп ойлаймын.

Жарыс қорытындысы бойынша ең үздік атағын Асан Тілеуқабылов пен оның Ырза атты иті иеленді. Екінші орын Петр Воронов пен Гектарға бұйырды. Ал үшінші орынды Александр Анохин мен Алексей Мищенко бөлісті.

Әспет Әбдірешова