Мәдениет

Жанболат пен Жазираның Петропавлдағы концерті

 

 

 

Өнер жолында қос аққудай бірге жүзген Жазира мен Жанболаттың отау тіккеніне биыл 16 жыл болыпты. Содан болар кештің шымылдығы «Асыл жарым» әнімен ашылды.

Жазира Байырбекова, әнші:
– Бұл ән кез-келген ынтымағы жарасқан отбасыға арналған. Және бұл барлық қазаққа танымал ән деп айтсақ қателеспейміз. Біздің репертуарымызда 40 шақты ән бар. Оның ішінде мүлдем айтылмағандары қаншама. Бейнеклип үш-төрт әнге ғана түсірілген. Жақын арада бір жақсы ән туатын сияқты. Соған бейнеклип түсірсек деген ойымыз бар.

Алғаш рет жұлдызды отбасы сахна төріне 2002 жылы «Сүйгеніңді бағала» әнімен шыққан екен. Бұл әнді көрермендер ерекше ықыласпен қарсы алды. Қызылжар халқы өнерді бағалай біледі, бұған талай рет куә болдық дейді әншілер.

Жанболат Ербатыров, әнші:
– Халық көптеп жиналды. Риза болдық. Жазира екеуміз сахна төрінде ән айтып келе жатқанымызға 10 жылдың жүзі болды. Наурыз мерекесін жеке концертімізбен осы Қызылжар қаласынан бастап отырмыз.

Жазира мен Жанболатқа облыс әкімінің атынан гүл шоғы табысталды. Бір жарым сағатқа созылған концертке жиналған қауым кештен жақсы әсер алғандарын жасырмады.

-Концерт өте жақсы өтті.Наурыз мейрамында көп әсер алдық.
-Жанболат пен Жазираның концертіне келгенімен өте қуаныштымын. Қызылжарға осындай қазақ эстрадасының жұлдыздары көптеп келсе екен деген ниеттеміз. Наурыз мерекесінде бұл қызылжарлықтарға үлкен сый.
– Барлық әндері жақсы. Оңды орындады балаларым. Бақытты, ғұмырлы болсын.

Жұлдызды отбасы жеке ән кешін енді Тараз қаласында жалғастырмақ.

Гүлбану Ахметова