Спорт

Сергей Харламов Лондон олимпиадасына қатысады

 

 

Параолимпиадалық ойындар – тағдыр аяқтарынан шалған жандарға спортта белгілі бір жетістіктерге қол жеткізіп, қоғамда өз орындарын табуларына септеседі. Қиындыққа мойымай, әрдайым алға ұмтылатындардың қатарында Сергей Харламов та бар. Жастайынан құлағы мүкіс жерлесіміздің буындары мен тірек-қимыл жүйесі қоса зақымданған. Денесіне біткен дертпен күресіп келетін Сергей күн сайынғы жаттығуларының нәтижесінде еліміздің мүгедектері арасында “желаяқ” атанды. 40 жасар спортшы Ресейдің ашық біріншілігінде жеңіске қол жеткізіп, 4 жылда бір өтетін Азияның жазғы параолимпиадалық ойындарына сәтті қатысып қайтты. Ал жақында ғана Дубай қаласында жеңіл атлетикадан Халықаралық ашық лицензиялы турнирінде ел намысын қорғаған жерлесіміз Азияның жаңа рекордын орнатты.

Серік Жарасбаев, туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы бастығының орынбасары:
– Жерлесіміз Шардж қаласында ұзындыққа 4 метр 54 см-ге секіріп, Азия рекордын жаңартты. Осының арқасында «А» дәрежелі лицензияға қол жеткізді. Ал Дубай қаласында 100 метрлік қашықтыққа жүгіруден «В» лицензиясының көрсеткішін орындады. 100 және 200 метрлік қашықтыққа жүгіруден 2 қола медальды еншіледі.

Қазіргі таңда Сергей параолимпиадалық ойындарда жеңіл атлетикадан өңір намысын қорғайтын «А» дәрежелі лицензиясы бар жалғыз спортшы. Жүгіру десе ішкен асын жерге қоятын жерлесіміз «Қарасай», «Динамо» стадиондарында күнделікті жаттығады. Өмірге деген құлшынысы зор. Берілген тапсырманы бұлжытпай орындайды дейді оның жаттықтырушысы Вячеслав Латышев.

Вячеслав Латышев,  мүгедектер спортынан облыстың аға жаттықтырушысы:
– Сергей – ерекше мінезді, жігерлі адам. Жаттығуды сағат 3-ке белгілесең, міндетті түрде бұл уақыттан ерте келеді. Төменгі, жоғары старт, жүгіру, секіру жұмыстары өз көңілінен шыққанша жаттығады.

Биыл Лондондағы Олимпиададан кейін өтетін Параолимпиадалық ойындарға лицензия алғандардың қатарында суда өзін балықша сезінетін жерлесіміз Владимир Эрман да бар.

Әсел Күшенғалиева