Білім

“Өзін-өзі тану” пәні – рухани тәрбие көзі

 

 

  

“Өзін-өзі тану” пәні №20 мектепте сынақ ретінде 2003 жылы енгізілген. Осылайша жаңа пәннің оқытылып жатқанына биыл он жыл екен. Енді жаңа пәннің   өскелең ұрпақты адамгершілік-рухани тұрғыда тәрбиелеуде берері мол екенін нық сеніммен айта аламыз дейді ұстаздар. Өзін-өзі тану арқылы оқушылардың білім алуға деген құштарлығы артып, шығармашылық қабілеттері дамиды. Бұған қоса дүниетанымы кеңейіп, адами құндылықтарды бағалап, рухани байлыққа ұмтылады.

Шарғия Мұқышева, № 20 орта мектеп директоры:
– Мақсат – оқушыларға жеке тұлғалық ерекшеліктерін түсіндіру, жақсы мен жаманды айыра білу, сонымен қатар алға қойған мақсатқа жету үшін ұмтылуды үйретіп-жеткізу. Адами қасиеттерді қалыптастыруға ұмтыламыз. Байқағанымыз оқушыларымыз тек  тәрбие жағынан ғана емес, білім жағынан да алға басты.

Мұның айқын айғағы – өткен жылы ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша оқушылардың орташа ұпайы 109 -дан асып жығылған. Бүгінде оқушылар “Өзін-өзі тану” пәнінің өмірде өз орныңды тауып, алға қойған мақсатқа жетуге көмектесетінін айтады.

Жангелді Сүлейменов, № 20 орта мектептің 10 сынып оқушысы:
– Өмірге деген көзқарасымды өзгертті. Белгілі бір жағдайды әр қырынан қарастыра аламын. Бұл пән тұлғаның адамгершілік қасиеттерінің дамуына септігін тигізеді.

 Қазір  “Өзін-өзі тану” пәні республиканың барлық білім ошақтарында оқытылып жатыр. Ал бұл жоба еліміздің бірінші ханымы, “Бөбек” қайырымдылық қорының президенті Сара Назарбаеваның бастамасымен қолға алынған еді.

 

Айымгүл Әбілева