ТЖ

Өрт сөндірушілер байқауы



 

Ербол Қуанышевтің тілсіз жаумен күресіп жүргеніне 20 жыл болыпты. Тәжірибелі құтқарушыға “Петропавл мұнай базасы” ЖШС өрт қауіпсіздігі шараларының дұрыс сақталуын тексеру керек. Жауапты тапсырма. Нысанның аумағы 9 Га жерді алып жатыр. Мұнда 70 мың тонна жанар-жағармай сақталады. Сондықтан сақтық шаралары мінсіз орындалуы тиіс. Тез жанғыш сұйықтыққа шоқ түссе болғаны лезде тұтанып кетуі ғажап емес. Білікті өрт сақшысы бұндайға жол беретін  олқылықтарды анықтап, байқау актісіне түртіп алды.

Ербол Қуанышев, Уәлиханов аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері:
Тексеріс барысында өрт қауіпсіздігіне жауап бермейтін кішігірім заң бұзушылықтарды байқадым. Алғашқы отпен күресетін жабдықтар толыққанды дайын емес. Кtйбір өрт сөндіру құралдарының мерзімі өтіп кетіпті.  

 

Үздік өрт сөндіруші байқауының өзге қатысушыларына да жүктелген тапсырма осы. Төтенше жағдайды болдырмаудың жолдарын қарастыру. Әділ Спаен жастайынан құтқарушы болуды армандапты. Арманына жетіп, оңай емес қызметтегі өжет жігіттердің қатарына қабылданды. Бүгінде өрт сөндіру ісінің капитаны Шал ақын ауданының намысын қорғап келіпті.

Әділ Спаен, Шал ақын аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері:
Бұл байқауға өз бөлімшелерінің мықтылары жиналды. Сондықтан бір бірімізден үйренеріміз көп болады деп ойлаймын. От пен ажал арасында жүреміз. Кей жағдайда қызыл жалынның тұтқынында қалған адамды аман алып қалу керек болады. Оған жеткізбес үшін әрдайым біліктілігімізді арттырып,  шеберлік алмасқан жөн.

Өңіріміздің ең білікті құтқарушысын анықтауға 20 сайыскер белді бекем буып келген. Алғашқы теориялық сыннан кейінгі тәжірибелік сынаққа тек жартысы өтіпті. Енді бұдан сүрінбеген ең мықтысы облыс намысын республикалық кезеңде қорғайтын болады.

Жеңіс Ермұқанов