Білім

Мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі “ҚАЗТЕСТ” бойынша тексеріледі



 

Олесия Нетесова қазақ тілін жетік меңгеріп алуды мақсат етіп қойған. Аяқ алысы жаман емес, 1 айдың ішінде әріп танып, жазуды меңгерген.  Енді ойын еркін жеткізуге машықтану керек.

 Олесия Нетесова:
– Мен Қазақстанда тұрамын. Сондықтан қазақ тілін білу керек. Маған қазақ тілі өте ұнайды. Сабақта өте қызық.

Олесия сынды тілін қазақшаға сындырамын деушілерге әлеуметтік топта діттегеніне тегін оқып жету мүмкіндігі жасалып отыр. Мультимедиялық кабинеттерде тыңдаушыларға мемлекеттік тілді жетік біліп алу үшін жақсы әсер ететін көру, есту қабілеттерін қамтамасыз ету бағдарламалары, электронды мәтіндер мен дыбыстық оқыту жүйесі, 10 салалы тілашарлар бар. Жыл басынан  тіл үйренушілердің білім деңгейін бағалайтын “ҚАЗТЕСТ” жүйесі енгізіліпті.

Гаухар Темірбаева, СҚО әкімінің мемлекеттік тілді оқыту орталығының әдіскері:
– 10-15 жылдан бері оқытылып келе жатқан бағдарламаға бір серпіліс берді. Бұрында тест жазылды. Бірақ, көбінесе лексикалық, грамматикалық тест жасайтын болғанбыз. Қазір «Қазтест» бойынша 4 принцип бар. Оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым.  

Сондай-ақ еуропалық стандартқа сәйкес жасалған сынақ бұрынғы үш деңгейлі оқу бағдарламасының талабын екі есеге арттырды. Ауызекі сөйлесуді енді тіл байлығын арттыруға бағытталған күрделі бағдарлама алмастырды.

Жанат Мұхамеджанов, СҚО әкімінің мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры:
– «Қазтест» бағдарламасы бойынша қазақ тілін білу деңгейін бағалау жүйесі бойынша емтихан тапсыру енгізіледі, өйткені Елбасы  2014 жылы қазақстандықтардың – 20%,  2017 жылға қарай  – 80%, ал 2020 жылы 90% мемлекеттік тілді білу қажет деген болатын. Осыған орай облыста жұмыстар атқарылуда.  

Бүгінде орталық мамандары жаңа оқыту бағдарламасын құрып, арнайы кітап дайындап қойыпты. Жобаның тиімділігін өңіріміздегі тіл меңгеріп жүрген 88 топтың 1,5 мыңнан астам тыңдаушысы аптасына екі мәрте өтетін сабақтарда байқап көретін болады.

Жеңіс Ермұқанов