Аптадағы маңызды жаңалықтар

Балалардың талма ауруы тегін анықталады

 

ЭЭГ кабинетінде тексерістен өту үшін жолдаманы невропатолог-дәрігер береді. Мамандар науқасты ұйықтап жатқанда тексереді. Мұндай тексерістен өту үшін ата-аналары баланы үйден дайындап, емханаға келгенде ұйықтайтындай етіп, әкелуі міндет. Сонда сырқаттың себептерін тезірек анықтау қиындық туғызбайды дейді мамандар. 

 Светлана Алефирова, облыстық балалар ауруханасының невропатолог-дәрігері:
Баланы тексеру үшін оны жақсы дайындықтан өткізу керек. Мониторинг барысында бастысы, ұйықтау керек болғандықтан, ата-аналары оның ұйқысы келетіндей жағдай жасап, баланы түннің бір уағында оятуы мүмкін.

Тексеру шаралары қауіпсіз әрі ешқандай ауыртпашылығы жоқ. Арнайы жаттығуды қажет етпейтін бұл процесте ұйқыда жатқан баланың ой жүйесі электронды түрде дискіге жазылады. Тексеріс үш сағатқа созылады. Кабинет іске қосылғаннан бері мұнда 31 бала денсаулығын тексерткен.

Светлана Алефирова, облыстық балалар ауруханасының невропатолог-дәрігері:
Бұл процесті өткізу барысында баланың басына арнайы бас киім кигізіледі. Оның әр түрлі өлшемдері бар. Бас киімге арнайы электродтық жүйе жалғанады. Оның көмегімен жазба жүргіземіз.

Талма – өте қауіпті дерттердің бірі. Сондықтан оған бей-жай қарауға болмайды дейді мамандар. Бүгінде облыс бойынша 300-ге жуық бүлдіршін осы науқаспен сырқаттанған.

Александр Құдайбергенов, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері:
   2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында облыс әкімі мен денсаулық сақтау басқармасы бөлген қаржыға арнайы жабдық сатып алынды. Оның құны – 300 миллион теңгені құрады. Ал онымен жұмыс істеу үшін мамандар Таганрог қаласында оқудан өтті.

ЭЭГ-мониторинг кабинеті тәулік бойы жұмыс істейді. Жеке меншік емханаларда бір процедураны өту құны – 50000 теңге болса, солтүстікқазақстандық бүлдіршіндер үшін бұл қызмет тегін көрсетіледі.

Әспет Әбдірешова