Ауыл шаруашылығы

Асыл тұқымды мал басын көбейту – басым бағыт

 

 

Үстіміздегі жылы асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Енді мемлекет республикадағы барлық асыл тұқымды ірі қара малды субсидиялайтын болады. Ал бұған дейін тек асыл тұқымды мәртебесі бар шаруашылықтағы малға ғана қаржы бөлінетін.

Владимир Отрадных, ҚР АШМ Солтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясы бастығының орынбасары:
Ендігі уақытта асыл тұқымды деген мәртебе шаруашылыққа емес, малға берілетін болады. Яғни, әрбір асыл тұқымды ірі қара субсидияланбақ. Бұл мәселемен арнайы құрылған республикалық палата айналысатын болады. Облыстарда оның құрылымдық ведомстволары жасақталады.

Облыстық аумақтық инспекция мамандары осы бағытта биыл маңызды жұмыс күтіп тұр дейді. Мұнымен қатар өсімдік қорғау бойынша да биыл бірқатар өзгерістер бар. Кеден Одағына талаптарына орай, импорттық өнімді әкелген кезде қажет карантиндік рұқсат ендігі уақытта мүлдем дерлік берілмейтін болады.

Владимир Отрадных, ҚР АШМ Солтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясы бастығының орынбасары:
Тек жоғары тәуекелділік тобына кіретін тауар әкелген кезде ғана фитосанитарлық сертификат берілетін болады. Осы күні 80ге жуық өнім түрі қадағаланады. Осылайша бұл тізім – төмен және жоғары тәуекелділік тобы болып екіге бөлініп отыр.

Бұған қоса биылғы жылы 22 мың гектар орманды жібек құртына қарсы өңдеу жоспарланыпты. Бұл мақсатқа бюджеттен қаржы бөлінбек. Сондай-ақ 640 мың гектар егінді алқап өсімдік ауруына қарсы өңделеді деп көзделуде.

Айымгүл Әбілева