Қоғам

Жамбыл ауданындағы Наурыз тойы

 

 

 

 Аймақ басшысы алдымен Жамбыл ауданының Пресновка селосында салынып жатқан үш бөлмелі 20 үйдің құрылыс басында болды. Әрбірі 70 шаршы метрлік баспаналар “Жұмыспен қамту -2020” бағдарламасы аясында аудан орталығында келешегі жоқ ауылдардың тұрақты еңбекке алынатын тұрғындарына арналып салынуда. Бүгінде 124 млн теңгелік жобаның негізгі құрылысы 80 пайызға тәмамдалыпты. Енді қалғаны – ішкі әрлеу жұмыстары мен инженерлік желілерді тарту. Қоныстанушыларға алдағы маусым айында үйлердің кілттері табысталмақ. Өңір жетекшісі ауданда  ай басында қолданысқа берілген азық-түлік дүкенін аралады. Серік Біләлов аудан орталығында тәуелсіздіктің 20 жылдығында тапсырылған 18 пәтерлі жалдамалы-коммуналдық тұрғын үйге де соқты. Екі қабатты баспананы жылумен қамтитын қазандықтың жұмысымен танысты. Мұнағы 1,2,3 бөлмелі пәтерлердің барлығы алтаудан. Облыс әкімі пәтерлерді аралап, баспана иелерінің тұрмысымен танысып, жағдайларын сұрастырды. Бағытжан Әділ Асфендияров атындағы медициналық университетті тәмамдап, еңбек жолын 2008 жылы өңірімізден бастапты. Жамбыл ауданының Благовещенка ауылының емхана бөлімінің меңгерушісі биылдан Пресновка селосындағы туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігерінің міндетін атқарып келеді.

Бағытжан Әділ, Жамбыл ауданддық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігерінің міндетін атқарушы:
– Осында қызметке ауысуымның салдарынан көшірілдім, екі бөлмелі пәтер берді. Пәтер өте жылы. Жанұяммен көшіп келемін. Мұндағы 5 пәтер дипломмамен ауылға келетін жас дәрігерлерге дайын тұр. Сондықтан келемін деушілер баспанамен қам жемейді.

Аймақ басшысы Ұлыстың Ұлы күнін ұлықтауға жиналған жамбылдықтардың мерекелік шарасына қатысты.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Ұлыстың Ұлы күні С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, С. Шаймерденов сияқты атақты тұлғалар туған өлкеде сіздермен кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Бұл күні біз өткенге есеп беріп, келешекке жоспар құрамыз. Тәуелсіз еліміздің даму жолында жаңа бастамаларға қадам жасаймыз. Сондықтан жамбылдықтар да ауданнның әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа екпін береді деген сенімдемін. Мерекелерің құтты болсын. 

Әз Наурызды жамбылдықтар дүркіретіп тойлады. Ашық аспан астында сахна құрылып жиналған қауымға концерттік бағдарлама ұсынылды. Қазақтың ұлттық дәстүрінен театрландырылған көрініс қойылды. Ортақ мерекеден аудандағы мәдени орталықтарының бірі де шет қалмады. Қоғамдық бірлестіктердің мүшелері меймандарды ұлттық аспаптардың әсем сазымен ән шырқап қарсы алып, қонақжайлықтарын барынша таныта білді.
Қайырымдылыққа үндейтін қасиетті мерекеде тіл үйірер дәмді тағамдар тегін таратылды. Орталық алаңға сауық құруға ауданның еңбектеген сәбиінен еңкейген қариясына дейін шықты. Думанды күн достық пен ауызбіршілікке шақырады. Күн мен түннің теңеліп, табиғат жаңарып оянатын сәтте көрші-қолаң, ағайын туыс, дос-жаран төс қағыстырып, тек ізгі тілектер жолдады.

-Адамдарды бейбітшілікке, бірлікке, жақсылыққа, ұлттық дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді сақтауға шақырады. Жастарға сондай тәрбие берілсін деп қашаннан тойланып келе жатыр. Мерекенің маңызы ЮНЕСКО , БҰҰ мойындауы түрік халқының әлем мәдениетіне қосқан үлесінің белгісінің бірі.
– Қазақтың ертеден келе жатқан дәстүрі. Сол дәстүр ұмыт қалмай жалғасып жатқанға мың рахмет.

– Наурыз қазақ жеріндегі бар ұлттарға бірдей. Қазағы, орысы, немісі, өзбегі бәріміз бір ұлттай тойлап жатырмыз. Наурыз құтты болсын.
– Біздің ұлтымыздың жаңа жылы жаңа табыс әкелсін, Баршамызға құтты болсын, молшылық, үстелімізден ақ кетпесін.

5 мың жылдан астам тарихы бар мерекенің дәстүрі бүгін де маңыздылығын жоймай баз баяғы қалпында сақталған. Оны жалғайтын келешек ұрпақ та думанды кешке көптеп жиналды.

-Наурыз-  қазақтың ұлттық мерекесі. Оны жастар ұмытпауы керек. Зор денсаулық, ашық аспан, көлдей көңіл, өзендей өмір тілеймін.
– Наурыз құтты болсын. Бәріне жақсылық тілеймін.

Жастарды салауатты өмір салтына баулып, спортқа тарту мақсатында тұрлі ұлттық ойындардан қызу тартыстар өтті.

Жеңіс Ермұқанов