Қоғам

Заречный кентіндегі Наурыз тойы

  

 

 Жаңарудың жарқын мерекесі Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы Заречный кентінде де тойлануда. Жиылған жұрт ұлттық тағамдардан дәм татып, төс қағыстырып, шашу шашып, би билеуде. Сахнадан шырқалған мерекелік ән-күйлер бар ауылды жаңғыртқандай. Мерекенің нышаны әр адамның жүзінен анық байқалады. Қариялар осы шат күнге жеткізген бейбітшілікке тәубе келтіріп жүрсе, аналарын құшақтаған алаңсыз сәбилер де мәз-мәйрам. 2 жастағы Аружан үшін бұл екінші Наурыз таңы.

Ақан Сыздықов, Заречный кентінің тұрғыны:
– Барша халыққа тілейтінім, зор денсаулық. Мейрам бола берсін. Қазақстанда жақсылық болсын.

Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурызды қазақ халқы ақ түйенің қарны жарылған күн дейді. Бұл мерекеде әр үйде ақ дастарқан жайылуға тиісті. Ал келген қонақ астан дәм татпай кетпейді. Заречный кентінде СҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті киіз үйдің шаңырағын көтерген. Дастархан ұлттық тағамдарға толы. Әттең, халқымыздың қасиетті саналатын тағамдарының бірі – Наурыз көже ғана табылмады. Петропавл қаласының ішкі істер басқармасы да аудан тұрғындарын назардан тыс қалдырмады. Олар ашық аспан астында палау пісіріп, тегін таратты. Ыстық ас өзбек мәзірі бойынша жасалыпты.

– Маған Наурыз мерекесі ұнайды, бұнда әр түрлі қазақтың ұлттық ойындары ұйымдастырылады.
– Мына палау нағыз өзбек мәзірімен пісіріліпті. Өте дәмді. Барша халықты көктем мерекесімен құттықтаймын.

Сахнада “Звонница” ансамблі ән шырқап, келген қонақтардың көңіл-күйін көтерді. Тартымды ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздар анықталды. Ұлыстың Ұлы күні тойланып жатқан алаңға халық көп жиналып, ұйымдастырылған мәдени шараны тамашалауда.

– Ақ мол болсын. Мереке барлығына құтты болсын.Тек қызық қуаныш, береке әкелсін.
– Ұлыс оң болсын, құтты болсын. Бірлік, береке, тыныштық болсын.
-Наурыз мейрамы құтты болсын. Денсаулық тілеймін.

Осылайша барша тіршілік оянып, жаңаратын Ұлыстың ұлы күнін петропавлдықтар бір отбасының баласындай болып, даланы шексіз шаттыққа толтырып, риясыз ойын-күлкімен атап өтті.

Әсел Күшенғалиев