Қоғам

Ұлыстың ұлы күнінде облыс орталығында “Болашақ үшін” фильмінің тұсауы кесілді

 

 

 Бір топ қазақ баласы – шетелде. Елден жырақта жүріп, Республика Президентінің “Болашақ” бағдарламасы бойынша білім алған олар, ата-аналары мен елдің үмітін ақтай алды. Отандарына оралып, халқына қалтқысыз еңбек етті. Болашақ кардиохирург Арман Берлинде жүріп, сапалы білім алды. Осы жерде болашақ жары Жарқынаймен кездесіп, елге оралған соң отау құрды. Францияның үздік оқытушыларынан дәріс алған Олег білікті заңгер атанды. Енді шетелдіктермен жасалған бір де бір халықаралық келісімде ағаттық кетпеуін жіті қадағалауда. Ата-анасының қалың қалтасына сенген Қайсар ғана бұл жолда діттегіне жеріне жете алмады.
“Болашақ үшін” аталған көркем фильм – осы аттас бағдарламаны таңдап, шет елдерде мамандық шыңдаған жастардың жырақтағы және атамекендегі тағдырларына арналды. Тар жерде табысқан кең жерде келіседі дейді. Кәрі құрлық Еуропада бір-бірінен қол үзбеген қазақ жастары, туған жерде де достарына жәрдемдесуден тартынбады. Ақыры, баршасы жүрек ақауымен туған нәрестенің өмірін сақтап қалды. 1 сағат 20 минутқа созылған көркем фильм қазақ және орыс тілдерінде аралас түсіріліпті. Шетелде оқыған «Болашақ» стипендиаттары Қазақстанды өзге елдердегі қатарластарына танытып, өз салт-дәстүрлерін, мәдениетін паш етті. Режиссер бұл ойын да ұтымды жеткізе алды. Шынайы оқиғалардың негізінде түсірілген фильм жергілікті көрерменнің көңілінен шықты.

– Фильмді тамашалап, үлкен әсерде қалдым. Отандастырымыздың ерлігіне, шынайы достығына, отандарына деген ыстық махаббаттарына сүйсіндім. Осындай жастар болса, әрине, мемлекетіміз дами түспек.
– Фильмнен жастарға мол мүкіндіктер ашылып отырғанын байқадым. Ел Президетінің арқасында шетелдің мықты деген университеттерінде білім алуға болады.

Тұсаукесерді “Болашақтың” стипендиаттары да тамашалады. Ұлыбритания мен Мәскеуде білім алып, бүгінде қаламызда қызметтерін жалғастырған Елена Давыденко мен Денис Панченко біздің тағдырымыз да фильм кейіпкерлерінің өмірімен ұштасып жатыр дейді.

 

Керемет әсер алдым. Фильмді көріп отырғанда өзіміздің шетелде оқыған кезім көз алдыма келді. Сценарий авторы Ерлан Сағынов «Болашақ» стипендиаттарының ойын орынды жеткізе алған. Олардың отандарына деген шынайы сезімдерін байқадық.
 

 “Болашақ үшін” фильмінің тұсаукесері – Ұлыстың ұлы күнінде жерлестерімізде жасалған үлкен тарту болды.

Гүлмира  Шоқтыбаева